Алматыда жылу желілерін жаңарту жұмысы жеделдей түседі. Қала әкімі Бауыржан Байбек қара жері қопарылып жатқан көшелерді тексеріп, құбырларды ауыстыру және жөндеу ісін тездетуді тапсырды.
Осы жазда 12 шақырымнан астам жылу желісі қайта жөнделеді. Басым бөлігі осы айдан кешіктірілмей қолданысқа берілуге тиіс. Ал күрделі учаскелерді мердігер мекемелер тамыздың соңына дейін тапсыруға міндетті. Бастысы, жөндеу жұмыстарына қарамастан, абоненттердің барлығы уақытша кестемен ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етілуде. Желілер жаңартылған соң Алматыдағы 5 ауданның 120 мыңнан астам тұрғыны сапалы сумен және орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі. Ал әкімнің бұған дейінгі тексерісінен кейін Алтынсарин көшесінде ұзындығы үш шақырымға жуық газ құбыры тартылды. Соның нәтижесінде, енді 40 мыңнан астам тұрғын газбен үздіксіз қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, Жамбыл көшесі бойымен Назарбаев даңғылы және Пушкин көшесінің арасында жылу желілерін қайта жасау жұмыстары да уақытынан бұрын аяқталды. Енді бұл маңай абаттандырылып жатыр.
Айта кетерлігі, осы жазда Алматыда ұзындығы 160 шақырым болатын 150-ден астам көше жөнделеді. Ал қаладағы барлық жерасты өткелдері күрделі жөндеуден өтеді.
Әйгерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы