Үйде есептегіш құралы жоқ тұрғындар үшін су қымбат шығады

Үйде есептегіш құралы жоқ тұрғындар үшін су қымбат шығады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тұрғындары жылу мен ыстық суға ондаған мың теңге артық төлеп келеді. Ал үнемдеу құрылғысы бар үйлердің әрбір тұрғыны  қыс маусымында кемінде 20 мың теңге үнемдеп отыр. Алматы жылу жүйесінің басшылары жыл соңына дейін екі жарым мыңнан астам аспапты көп қабатты тұрғын үйлерге орнатпақ. Құны алты жүз мың теңгеден басталатын құрылғыны қала халқы қалай төлемек?

Наурызбай көшесінің бойында мына үйде жаңа есептегіш құралы орнатылған. Қысым, температура, құбыр арқылы құйылған ыстық су мен пәтерлердегі  сырттан келген жылудың жағдайын тұрақты бақылап, әрі реттеп отыруға мүмкіндік беретін шағын станса. Жертөледе құрғақ, таза, әрбір құбырға көрсеткіш құралы қойылған.

«Мен мынандай мысал келтіре алам. Өткен жылы 124 шаршы метрлік пәтерім мен 67 шаршы метрлік есептеу құралы орнатылмаған ескі үйімнің жылуға шығатын ақшасын айтсам. Көлемі үлкен пәтердің жылу қызметіне 15 мың теңге ай сайын төлесем, 67 шаршы метрге 12 мың теңге шықты. Пәтерлердің көлемі әртүрлі болғанмен, ақша айырмашылығы алшақ емес. Яғни, есептеу құралы жоқ үйлерде ақша үш есеге дейін көп шығады»,- деді басқарушы компанияның директоры Юрий ПРОСКУРИН.

Есептеу құралының қызмет құнымен қоса есептегенде 600 мың теңгеден басталады. Ғимаратқа қанша қондырғының қажет екенін мамандар анықтайды. Тұтынушылар теңгесін төлеуге келіссе, пәтер иелері кооперативі арқылы Алматы жыл жүйесіне тапсырыс береді. Құрылғыны әкелетін 12 фирмамен жұмыс жасап жатқан мемлекеттік мекеменің мамандары 4 жылға дейін кепілдік бар дейді.

«Есептеу құралы 602 және  623 мың теңге. Оған барлық қызмет құны кіреді. Ғимаратқа қандай температурада, қанша жылудың  берілгенін  мамандар келмей- ақ, GPS арқылы көре алады. Егер бір жерден су тамшылап немесе ақау шықса оны да қашықтықтан көрсетіп, әрі есептеп бере алады»,-деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС құрылғыларды бақылау қызметінің басшысы Дмитрий ФЕДЮКОВ.

Есептеу құрылғысын орнатқан заңды тұлғалар үшін де тариф төмендейді. Алматыдағы 7 мың 713 көпқабатты үйдің 4 мың 514-іне  үнемдеу  құралы қойылған. Жылу жүйесіне жауаптылар осы уақытқа дейін қойылған 5мың 301 аппараттан бөлек жыл соңына дейін тағы 2 мың 500-дей көпқабатты үйге эконом құралын орнатуды жоспарлап отыр.

«Жылу есептегіш құралдарын орнату арқылы қала тұрғындары жылы суды қолдану кезінде немесе жылуды пайдалану кезінде бұл есептегіш құралдарды орнатпаған үйлермен салыстырған кезде жалпы құн есебінен 20 пайызға арзанырақ төлеп отырады. Осы жағынан өте тиімді болып келеді»,-деді Алматы қаласы Энергетика және шаруашылық басқармасының бас маманы Арман НАРБОТАЕВ.  

Құрылғының қаржысын халық 4 жылға дейін бөліп төлейді. Шамамен ай сайын түбіртекке 200 теңгедей қосылып келеді. Бірақ бұл ақша қыстық маусым кезінде кететін шығынмен салыстырғанда бәрібір 20 пайызға төмен. Тек өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері келе жатқан жертөлесі жоқ 1 мың 96 үйге орнатылмайды.    


Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якубов, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров