Қараөткел қарқынды дамып келеді

Қараөткел қарқынды дамып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлихан Бөкейхан Алаштың астанасы қылып қазақтың ұл-қызын оқытсақ деген Қараөткелдің хәлі қандай?  Елдің көркеюі ауылдан басталады деген елді-мекен тұрғындарының айтқаны арман ба? Астанадан небары 30 шақырым қашықтықта орналасқан ауылды дамыту үшін ынталанған жастар саны артыпты. Бірақ жергілікті билік нендей шаруалар жасап жатыр?

Осыдан 15 жыл бұрын бұл аймақ тірі жан жоқ, бос өңір сынды еді. Бүгіндері Қараөткел жиырма мыңнан аса тұрғыны бар үлкен ауылға айналған. Аталмыш жерде мектеп пен балабақша саны артып, кәсіп жасауға мүмкіндік туыпты. Тіпті, қала адамдарының өзі ауылға біртіндеп қайта бастаған. Сатыбаевтар отбасы соның куәгері. Барлық ғұмырын ұстаздыққа арнаған Бағдагүл Сатыбаева 25 жылдан бері мұғәлім болып еңбек етеді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, ұстаздар, медицина саласы бойынша жас мамандар ауылға оралып, мамандықтарымен жұмыс жасауда.Оларға жадай жасалуда», - деді Бағдагүл САТЫБАЕВА.

Еліміздегі елді-мекендерді дамыту мәселесін Елбасы өз жолдауында  бір емес, бірнеше мәрте көтерген болатын. Айтылған сөз, іс жүзінде қолға алынып, бүгіндері ауылды көркейтуге ұмтылған жастардың да  саны артыпты. Оның дәлелі - наубайхана. Жергілікті билік өкілдері де қол қусырып отырған жоқ. Қажетті жер телімін жалға беріп, жұмыстың жүруіне қолғабыс еткен. Ал цех басшысы жұмыскерлерді қаладан емес, ауылдың қара домалақтарын тартыпты.

«Көмектесіп жатыр. Негізі құрылыс жүргізу өзіміздің қаражаттан. Бірақ мемлекеттік бағдарлама арқылы алынған жерде салынған. Жұмысқа  негізінен жастары 20 асқан 30 ға дейінгі жас мамандар алынуда.  Жұмыс тығыз. Сондықтан жас мамандарға көбірек көңіл бөлінеді», - деді кәсіпкер Мұрат ӨТЕБАЕВ.

Қараөткел бүгіндері Целиноград ауданының мақтанышына айналған. Тіпті, Алаш ардақтысы Әлихан осында мектеп салып қазақтың ұл-қызын оқытуды армандаған мекен. Бүгіннің өзінде ауылдарды көркейту мақсатында аталмыш ауданға мемлекет бюджетінен 30 млрд жуық қаржы бөлініп, 500 ден астам жоба қолға алыныпты.

«Жастарды жұмыспен қамту біріншіден, бизнеске жол беріледі. Ондай бізде көп. Екіншіден, жастарды тәжірибе жинауға, оқуға жібереміз. Соның арқасында көп жастар жұмысқа орналасқан», - деді Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Малғаждар ТАТКЕЕВ.

Елімізде ауыл аймақтардың жағдайын көтеру керектігі «Елді-мекендерді дамыту» бағдарламасында айқын көрсетілген. Мемлекет тіпті жеке жоспарда құрған еді. Оның ішінде жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарын қайта дамыту мен кеңейту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын жаңарту, тұрғын үй салумен қатар,  мемлекеттік қаржылық, қызмет көрсету саласын  дамыту көзделген. Бүгіндері Қараөткел ауылы дәл осы талаптарға сәйкес дамып келеді.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Ақмола облысынан


Новости партнеров