Астана іргесінде шатқаяқтаған лашықта бүтін бір отбасы өз күндерін әрең көріп жүр. Сегіз баласы бар Жүсіповтер әулеті биыл көктемде болған су тасқынынан зардап шегіп, баспаналарынан айырылған. Жергілікті әкімдік көмек ретінде азық-түлікке азын-аулақ ақша берген екен. Онысы ішіп-жемнен артылмаған. Жағдайлары жұтаң жандарға біраз уақыт өткенде ғана қайырымдылық қор мүшелері қарайласып, оларға үй тұрғызып жатыр. Назым Мәлікқызы мәрт белсенділердің игі ісіне куә болды.
Астана маңынан шалғайда орналасқан Семеновка ауылын топан су шайып, 35 үй су астында қалған болатын.Оның ішінде 3 үй жарамсыз күйге енген еді. Ауыл қайта түрленген. Қайырымды азаматтар да табылып, еріктілер мен жергілікті әкімшілік біріге асар жасап, 2 үйді салып, бір үйді қалпына келтірген.
Зылиқа Жүсіпова түсірілім тобы келгенде көз жасын жасырмады. 2 ай бұрын 8 немересі мен баласы, әрі келіні топан судың кесірінен баспанасыз қалған. Күні бүгінге дейін ағаш қалқасын бас сауғалап келеді. Бағзы көшпенділер сынды күн көріс болды деп, жасын сүртті қарт ана.
«Балалар енді далада жатыр. Жаным ашиды енді кәдімгідей. Түнімен тоңып қалмасын деп жауып шығам. Сол үй осы тезірек бітсін»,- деді Семёновка ауылының тұрғыны, Зылиқа ЖҮСІПОВА.¤
Жергілікті әкімшілік салы суға кеткендерге көмек ретінде тек 70 мың теңге көлемінде қаржылай жәрдем көрсеткен. Тығырықтан шығу амалын іздестірген өзге де шенділер, ең болмаса асар жасап, қажетті техниканы бөліп, баспананы көтеруге көмек беруді ұйғарыпты. Ал, құрылыстың толыққанды жүзеге асуына Астананың қоғамдық қоры жәрдемдескен.
«Ол көмегі қалай. Үй үйді көтеріп жатыр. Қазақтар бұрын бар ғой халықпен жиналып осылай көмектесіп, бәріміз. Строй материалды Көңілбай әкеп тұрды.Строй материал остановка болған жоқ. 3 үйді көтеріп тастадық»,- деді Семёновка ауылының әкімі, Омархан КІШКЕНІНОВ.
Ауылдың тепсе темір үзер жастарының бірі - Қуанышта асарласуға келген. 2 айдан бері тұруға жарамсыз үйлерді бұзып, жаңа баспананың қабырғасын көтеруге ат салысып жүр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Қазір құрылысты 10-ға жуық адам жүргізіп жатыр. Қоғамдық қор басшысы, сырттан адам іздегеннен көрі, ауылдың қара домалақтарын жұмысқа жұмылдыруды жөн санаған.
«Семеновка аулында қаншама үй суға батып кетті. Осы 3 үй ең нақтысы.Үй бұздықта үйін салдық. Ең бірінші үйді біткенімізге 1,5 айдай болды. Ал енді екінші үйдің төбесін көтеріп жатырмыз. Осы 50 теңге жетсе де нормально болып тұрады»,- деді Семёновка ауылының тұрғыны, Қуаныш АМАНЖОЛОВ.
Зылиқа Жүсіпова немерелерін бауырына басып, үй құрылысы аяқталғанша далада түнеуге дайын. Тек қоныс тойын тойлар күн ұзамаса деп тілейді кейуана.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан