|
05.04.2017 | 10:27
7414

Астана маңындағы Қажымұқан ауылы су астында қалуы мүмкін

Астана маңындағы Қажымұқан ауылы су астында қалуы мүмкін

Астана маңындағы Қажымұқан ауылы су астында қалуы мүмкін. Қалың жауған қар қыста жолға бөгет болса, көктемде еріп,  тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Соңғы күндері бүлдіршіндер тіпті мектепке бара алмай қалған. Еріген қар суының кесірінен үйден шығу да мұңға айналып отыр.  

Көктем келісімен жасы 75-гі Тілектес әженің уайымы арта түседі. Қыста аязбен, көктемде қызыл сумен алысатын қарт ана бірнеше күннен бері шенеуніктерді сарғая күтумен отыр. Кешікпей келеміз деген атқамінерлер ат ізін көрсетер емес.

Қажымұқан ауылы тұрғындарының көктем келісімен көрген күндері осы. Тіпті оқушылар мектепке барудан қалатын көрінеді. Оған басты себеп қар суының еруі жолды басып қалуы.

Екі жарым мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауыл әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың кіндік қаны тамған жер. Бұл жыл сайын қайталанатын көрініс. Көктем келісімен тұрғындардың аяғынан керзі етік түспейді. Мезі болған жұрт жергілікті билік өкілдерінен қайыр жоқ дейді.

Ал ауылдық округбасшысы бұл мәселеге қатысты өзіне шаң жуытар емес. Оның айтуынша, тұрғындар өздеріне тиесілі аумақты тазалауға міндетті екен. Тіпті, үйіндіні жинайтын арнайы орын да бөлінгенді-мыс. Ауылнай мектеп пен балабақшаға барар жолды тазалап бергенімен, бұл нысандар әзірге қаңырап бос тұр.

«Мен тұрғындарды түсінемін. Бізге 2 млн теңге бөлінді. Округ бойынша. Біздің коммуналдық қызметіміз бар. «Талапкер тазалық» деген Талапкер ауылында. Сол коммуналдық қызметіміз 1 млн 785 мың теңгеге қыс бойы қарларды шығарып шықты», - деді Талапкер ауылдық округінің әкімі Нұртуған МУЗАМЕЛОВ.

Біраз ошақ сайда орналасқан. Қызыл су арнасынан таситын болса шайып кету қаупі де жоқ емес. Дегенмен ауыл басшысы табиғаттың тосын сыйына сақадай саймыз деп сендірді. Қажетті техникамен дер кезінде қол ұшын созуға дайын. Бұл қажымұқандықтар мұңының бір шеті ғана. Ауылда қара жолдың жоқтығы налытады тұрғындарды. Ауыл арасын аралау мүмкін емес. Осыған орай, әкімге қойған кезекті сауалымызда осы мәселеге қатысты еді.  Алған жауап қысқа. Үміт зор. Биылдан қалмай жол түспек. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.

Азамат Әуезхан, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир