2018 жылы Алматының Зообағына тағы да бір арыстан алып келмек

2018 жылы Алматының Зообағына тағы да бір арыстан алып келмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы зообағы бірнеше экзотикалық жануарлармен толықты. Хайуанаттар бағына келесі жылы тағы бір жолбарыс алып келу жоспарда бар. Ол Хамза атты арыстанға атастырылған. Сондай-ақ, Зообақта күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілмек.

Алматы Зообағы өздерінің Хандарынан айырылды. Бірнеше күн бұрын мұнда келушілердің көзайымы болған аң патшасы өліп қалған еді. Соңғы 3 айда арыстан қатты ауырған екен. Ветеринарлардың қарауында болып, тамақты арнайы тетікпен ішіп жүріпті. Дәрігерлер оны жазылмайтын ауруға шалдыққан дейді. Ал, зообақ мамандары Ханның жасы да келгенін айтады.  

«Біздің Хан халықтың алдына шыққанды ұнататын. Адамдар келгенде басқалар секілді жатып алмайтын. Негізі ақ вариациялардың орташа жасы 14 жыл. Хан 15 жасында өлді. Сонымен қатар, мұндай аңдарда генетикалық аутоиммундық аурулар көп болады»,-деді Алматы Зообағы директорының орынбасары, Наталья ИНГЕР.

Зообақта Ханнан бөлек тағы 3 арыстан бар. Олардың ең жасы Хамза атты мына теңбілше. Зообақ мамандары жақында Хамзаға өзімен жасты жолбарыс әкелеміз деп отыр. 

Ал, мынау 9 айлық арыстан - Әли. Алматыға бірнеше ай бұрын ғана жеткізілген. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша оны фотографтан сатып алған екен. Олар Әли арқылы ақша тауып жүріпті. Бірақ, денсаулығына мүлдем қарамаған. Кішкентай Әлидің жамбасы сынып, ас қорыту жүйесі бұзылған.  

«Әлиге дұрыс тамақ бермеген. Сүт пен арнайы жем мүлдем көрмеген. Тек қызыл етпен ғана тамақтандырған. Соның кесірінен, ас қорыту жүйесі бұзылған. Сондай-ақ, сүйектері де әлсіз. Әлиге кальций жетіспейді»,-деді Алматы Зообағы директорының орынбасары, Наталья ИНГЕР.

Теңбілше алғаш келгенде қозғала алмайтын болған. Оның жазылып кетуіне Зообақ мамандары сеніңкіремеген. Алайда, аң патшасының күшігі көп емнің арқасында аяққа тұрған.

«Көктемде мұндағы аңдардың барлығын торға шығарамыз. Сонда Әлидің де жағдайы жақсарады деген үміттеміз. Күннің астына шығып, көк шөпке аунағанда жазылып кетеді», Алматы Зообағы директорының орынбасары, Наталья ИНГЕР.

Келесі жылы Зообақта маймылдарға арналған тор жаңартылады. Сонымен қатар, бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіледі,- дейді бақ басшылығы. 

Өмір Әнуарбек, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров