Алматы облысында 8 жасар қызға қырғидай тиген маскүнемге қалақтай бала араша түсті. 11-сыныптың оқушысы бүлдіршінді зорламақ болған күдіктіні қапыда байқап, оған қорған болған. Ал, қаскүнемді полицейлер емес, әлгі қыздың туыстары қолға түсіріпті. Сорақысы сол - көкала қойдай болып сабалған қаршадай қызға дәрігерлер де көмек көрсетуге асықпаған. Олар жәбірленушіні сенделтіп, нақты диагнозды ұзақ уақыт қоя алмапты. Одан қалды, ата-анасынан ем көрсету үшін ақша алған көрінеді. Түрген ауылын аяғынан тік тұрғызған сұмдықты әріптесім Әмірболат Құсайынұлы айтып берсін.
Бұл оқушының ауруханада есіне түскен оқиғаны айтып берген сәті. Бейне жазбаны көпке көрсетуге туыстары рұқсат берген жоқ. Екі көзі, бет аузы көгеріп кеткеніне қарап, бүлдіршіннің бір ажалдан аман қалғанын көрдік. Қазір Түрген ауылы түгел үрейде. Мектепке балаларын бұрынғыдай қараусыз жібермейтін болған. Ал немересінің түрі есіне түскен сайын өз өзін ұстай алмай, ашуға беріліп кететін Халид атай, атой салып, айғайға басып кетеді.
«Оқиға болғаннан кейін, мен білдім что ол менің көршім екенін. Оған дейін мен оны көргенде жоқпын. Тек қана сондай адамдарды құрту керек. Мен оны балтамен шауып тастайын дегем. Елдер жібермеді. Балтамен шауып тастайын дегем. Кім ол? Не документі жоқ. Не тіркеуі жоқ»,- деді Халид ТАТАЕВ.
2-сыныптың оқушысына қорлық көрсеткен 32 жастағы жігітті құқық қорғау органдарының қызметкерлері емес, қыздың туыстары ұстаған. Жарты сағат полицияны күткен ел, қарыс жерге жарты сағатта әрең жеткенінде жеткізді.
Елді шулатқан трагедиялық оқиға осы жерде болған. Мектептен қайтқан қаршадай бүлдіршінді 500 метр жерден сүйреп әкеліп, маскүнем мына көпірден лақтырып жіберген. Және ең бір сорақысы қызды ұрып-соғып жатқанын мына көпір арқылы өткен жүргіншілер көргенмен көбі мән бермей өте бергенмен, қыздың өмірін тек Тимур құтқарып қалған.
Тимур да мектеп оқушысы. Қаршадай қыздың киімі батпақ, бет-жүзі жарақат еді. Қорыққан қыз кетпе деп жанынан қалмағанын айтады. Кеш әлі батпағандықтан қаскөй жігіттің бет-жүзін жаттап қалған.
«Атпен түсіп келе жатыр едім қыз жүгіріп келіп айтты. Қыз жылады көмектесіңдер деп. Анау қызды жіберді де өзі былай қарай қашты. Сөйтіп ана жақтан төмен түстім де қызды алып, мына жерден сумкасын алып үйіне қарай бардық»,- деді Куәгер, Тимур ЖАМАЛДИНОВ.
Қыздың туыстары шырылдаған қыздың айғайына мән бермеген көршілерімен де керісіп жүр. Ал дене, әрі психикалық жарақат алған бүлдіршінге Есіктегі аурухананың дәрігерлері әр түрлі диагноз қойған. Бірі зорланды десе, екінші ауруханадағылар қыз аман деп, бір-біріне қарама қайшы анықтама айтқан. 12 минут емес, 12 сағатта 4 ауруханадан бір орын таппаған, анығында баланы қабылдамаған дәрігерлерге қазір Түрген ауылының тұрғындары өпкелі. Тіптен Есіктегі дәрігердің бірі жарақатын анықтау үшін 8500 теңге алған.
«Алматы облысы көп салалы клиникалық ауруханасындағы гинеколог дәрігерге жіберілді. Гинеколог дәрігер көрді. Бала сот медициналық сараптамадан өткізілді. Соның барлық қорытындысы келді. Бала бізде трамватология бөлімшесінде жатыр. Балада ешқандай зорлау фактісі жоқ. Жабық ми жарақаты, миының шайқалуы, сол жақ көздің контузиясы»,- деді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, Асқар ҚАЛИЕВ.
Ауыл тұрғындары пәтер жалдап тұратын, құжаты не тіркеуі жоқ, арақ ішіп айғайлап жүретін жігіттердің Түргенде көп екенін айтады. Полиция орын алған қылмысты тек тіркеп қоюмен ғана айналыспай, тәртіпке келтіргенде бүлдіршіндер бұлай қорланбас еді дейді. Ал 32 жастағы, отбасы бар күдікті қамауға алынып, үстінен іс қозғалды. Жалпы биылғы жылдың үш айында ел аумағында педофилияның 226 оқиғасы тіркеліпті.
Әмірболат Құсайынұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы