Елімізде өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің бір павильоны ең үздік АйТи-жобаларды таныстыру үшін берілмек. Жас бизнесмендер көрмеге дайындықты технологиялық конференцияда талқылады. Бірақ күн тәртібінде басты сауал әлеуетті инвесторларды стартап жобаларды қолдауға қалай қызықтыруға болады деген мәселе.
Қазір қазақстандық стартаптардың көпшілігі жергілікті мамандардың қолымен жасалып жатыр. Соның жарқын бір мысалы - дәрігерлерді іздеу сервисі. Бүгінде 50 мыңнан астам отандасымыз бұл қызметті пайдалана отырып, өзіне тиесілі көмегін алған.
«Бұл біздің 2013 жылдың маусым айында іске қосқан стартап жобамыз болатын. Бұл дәрігерлерді іздеу бойынша тегін сервис. Қазақстанның кез келген азаматы сайтқа кіріп өзіне жақсы дәрігер таба алады және оған тегін жазылады. IT MEETUP сынды осындай іс-шаралардың арқасында және басқа да it конференциялар мен кездесулер жобаны дамытуға көмектеседі», - деді кәсіпкер Серік СМАҒҰЛОВ.
Мамандардың айтуынша, елімізде тың идесы бар дарынды жастар жеткілікті. Бірақ саланы дамыту үшін мемлекет пен жеке инвесторлар тарапынан қолдау қажет.
«Дәстүрлі қаржыландыру әдістері IT-саласын аяқтан тік тұрғыза алмайды. Ол үшін бүкіл әлемде бар венчурлік инвестициялау мәдениетін қолдану қажет. Бізде 3000-нан астам әлеуетті венчурлік инвестор бар. Оларды шағын және орта бизнеске жұмылдыру көзделуде. Өйткені, ІТ-саласындағы страрт-ап жобаларды қаржыландыру қашанда тиімді», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ.
Бүгінде Қазақстанда стартап жобаларды 100 мың долларға дейін алуға болады. Алайда, венчурлық инвестициялар елімізде әлі танымал емес. Өйткені, инвесторлар қаражатын кепілдігі жоқ жаңа идеяларға жұмсауға жүрексінеді.
«Қазақстанда венчурлық нарықтың көлемі жылына шамамен 10 млн доллардан аспайды. Бұл өте аз және басқа елдермен салыстырғанда 100 есе кем. Сондықтан жасалатын келісімдердің және кәсіпкерлердің жобаларының санын ұлғайту үшін әрі олардың бизнесін табысты етіп дамыту үшін ортаны жетілдіру қажет», - деді «It Meetup Kazakhstan» конференцияның ұйымдастырушысы Мағжан МӘДИЕВ.
Қазақстанда ІТ саласын дамыту үшін барлық мүмкіндік бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЭКСПО-2017 нысандарындағы базаның бірінде жыл соңына дейін халықаралық IT-стартап технопаркі ашылмақ.
Айдана Мейрамбайқызы, Ернұр Досжанов, «Алматы» телеарасы