Парашюттен суға секірген сарбаздар жағаға жүзіп жете алмады. 200-300 метр ғана болатын көлдің арғы бетіне өте алмаған жауынгерлерді ақыры құтқару қызметінің қайығы күтіп алды.
UH-1 тікұшағы. 1974 жылы шығарылған әскери көліктің төртеуін америкалықтар Қазақстан қарулы күштеріне тарту еткен. Парашютшілер кезек-кезек көкке көтерілді. Парашютші сарбаздар 1200 метр биіктіктен суға секіруі тиіс. Желдің жылдамдығы қазір секунтына 9 метрді көрсетіп тұр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан биіктен секірген сарбаздар межелі жерге дәл түсіп, орталыққа сол маңдағы ақпаратты жеткізуі тиіс.
Құрылғандарына 19 жыл толуына орай өздерінің дайындығын көрсетпек болған сарбаздар бұған дейін құрлықта да секіріп, дайындықтарын пысықтаған. Бірақ парашютшілердің арасында межелі жерге мезгілінде дәл түсе алмай, желдің ығымен жылжып кеткендері де кездесті.
«Ұшу кезінде желдің жылдамдығы 5 метр болды секунтына. Соған байланысты күту аумағынан желге қарсы шамамен 500-600 метр алып өтті. Кем дегенде 100 рет секіру керек. Біреуінікі 200, нұсқаушылар 250-ге дейін секіруі тиіс», - деді ҚР ҚК ӘҚК парашютпен секіруге даярлау орталығы басшысының орынбасары Ербол АМАНЖОЛҰЛЫ.
Дайындықтарын көрсетпек болған жаттығуға небәрі 14 сарбаз ғана қатысса, қалғандары тек жағалауда қарап тұрудан өзге әрекетке барған жоқ. Шабылдаушы десантшыларда оқу-жаттығуға қатысуы тиіс болған. Бірақ секунтына 6-7 метр жел соққандықтан көктен секіру қауіпті саналып, десантшылар жаттығуға қатыспады.
«Секіру кезіндегі кемшіліктердің барлығы ескеріліп, қағазға түседі. Жаттығу аяқталған соң әрбір сарбазбен және олардың жетекшілерімен жұмыс жасалады. Жалпы алғанда әскерлер тапсырмаларды орындауға тырысып жатыр», - деді ҚР ҚК ӘҚК парашютпен даярлау орталығының басшысы Леонид ДУДКИН.
Журналистерге өнерлерін көрсетпек болған жаттығу ақыры екі сағатқа жетпей аяқталды. Сарбаздармен бірге сап түсеп, парашюттен суға секірмек болған тілшілерге де тиым салды. Көңілі күпті тілшілердің «шынайы шайқас кезінде оқиға қалай өрбімек» деген сұрағына әскери шенділер сарбаздар қажет болса 4 мың метр биіктіктен секіріп, межелі жерге жете алады деп құтылды.