Алматы облысында ЯК-12 ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан 2 адам қаза тапқан. Оқиға таңға таяу Жаркент маңында болды. Әзірге, ұшақтың істен шығу себебі анықталған жоқ. Осы ретте, апаттан қаза тапқандардың есімі белгілі болды. Олар 54 жастағы ұшқыш Хамит Ақбергенов пен 39 жастағы шаруа қожалығының басшысы Мәсімжан Мәсімов. Әуе кемесі "Қазавиа" әуе компаниясына тиесілі. Марқұмдар жүгері егістігін өңдеу үшін әуеге көтеріліпті.
«Ұшақ апаты алдын-ала болжам бойынша жерге тигенде апатқа ұшыраған болуы мүмкін. Қазір оқиға орнында Талдықорған көлік прокуроры, Алматы-1 стансасы Ішкі істер желілік бөлімі, Алтынкөл стансасының желілік бөлімі, Панфилов аудандық төтенше жағдай департаменті мамндары жұмыс істеп жатыр»,- деді ҚР ИДМ көлік оқиғалары мен оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің директоры, Жәнібек ТАЙЖАНОВ.
Апат себебін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр. Ұшақтың әуеге көтерілуіне рұқсат берілген екен. Мамандар әзірге 2 ғана болжам айтуда. Әуелгісі, ұшқыш ұшақты дұрыс басқара алмаған, екінші жағдайда ұшақтың өзінде ақау болуы мүмкін. Бірақ, бұл екі болжам да әзірге ресми түрде нақтыланған жоқ.