Алматыдағы мектептердің бірінде робот құрастыратын зертхана ашылды

27.02.2018 01:32

Алматылық оқушылар енді өз қолдарымен робот құрастыруға машықтанады. Бүгін қаладағы мектептердің бірінде кішігірім зертхана ашылды. Онда балалардың қосымша сабақты тегін оқып, ойдағы жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар. Үйірмеге бір мезетте жиырма оқушы қатыса алады.

Алматыдағы №69 мектептің физика кабинеті бір мезетте робот құрастыратын зертханаға айналды. Ұстаздар бұдан былай мұнда негізгі пәндерден бөлек, қосымша сабақ өткізеді. Робототехника сыныбы оқушыларға информатикадан бағдарлама жасау, математика, инженерия саласын терең меңгерулеріне септеспек. Бұл биыл қаладағы зертхана ашылған бесінші мектеп.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарлама бойынша осындай лабораториялар керек. Жалпы, мектептерді алатын болсақ, көбісі мындай лабораториялар жоқ. Бұл лаборатория «Цифрлық Қазақстанға» адами капитал дайындайтын көп мүмкіндік береді. Сондықтан осы лабораториядан біз командалар дайындап, чемпионаттарға дейін қатыстырамыз. Қала бойынша, республика бойынша және халықаралық чемпионаттарға қатысатын болады. Осындай іс-шаралар керек деп ойлаймын. Себебі, көбісі мектептердің осындай лаборатория ашуға мүмкіндік жоқ», - деді Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Дамир ШЫНЫБЕКОВ.

Осыған дейін Алматыда 10 робототехника сыныбы ашылған. Бұның өзі ІТ саласын дамытуға аз, дейді мамандар. Сондықтан болашақта қала мектептерін толық зертханамен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынып жатыр.

«Менің ойымша, робот жасауы өте қызық деп ойлаймын. Өйткені, ол жақта бәріміз қызығып отырмыз. Бұл жақта бір қиын болса да бірақ қызық деп айта аламын. Бұның кітабы бар. Біз қазір оны енді көріп жатырмыз. Сол кітап арқылы біз роботты немесе басқа нәрсені құрастырамыз. Сосын біз компьютер арқылы код тереміз. Код арқылы компьютер роботқа келеді», - деді  оқушы Ернар АЛПЫСБЕК.

Мынандай жинаққа қосымша кітап беріледі. Алдымен ІТ саласынының студенттері ұстаздарға үйрететін болады.

«Бұл жинаққа сонымен қатар, оқулық кіреді. «Бозбала» деген атпен. Ол оқулықтың ішінде 12 практика және 17 проект бар. Және де 100-ден аса радиоэлектронды компоненттер құралады. Қазіргі кезде бигдэй, криптовалюта, робототехника деген дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Біздің мақсатымыз - біздің еліміздегі әр оқушыда, әр сыныпта осындай жинақтар болса, болашақта олар бәсекеге қабілетті болса дейміз», - деді студент Дәурен МҰХАМЕДИЕВ.

Робототехника зертханасына кез келген оқушы қалаған уақытында қатыса алады. Осылайша жас робот құрастырушылар үйірмесі жылына 300-ден аса жас ғалымды дайындамақ.


Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы