Алматыда 51 жастағы әйел тұңғыш рет ана атанды

15.03.2017 15:09

Алматыда 51 жастағы әйел тұңғыш рет ана атанды. Қаладағы перинатология орталығында 30 жылдан бері құрсақ көтере алмай келген келіншек, дүниеге қыз бала әкелді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жастағы әйелдердің алғаш рет босануы - ерекше құбылыс екен. Аяқ-қолын бауырына аман алған анамен Айдана Мейрамбайқызы тілдесіп қайтты.

Сәбиін құндақтап, жанынан бір елі де алшақтамай жүрген Сандуғаш Құсметаева бұл күнді асыға күтті. Осыдан 30 жыл бұрын тұрмыс құрған әйел, осы күнге дейін құрсақ көтере алмай, қатты қиналыпты. Баспаған тауы, бармаған жері қалмаған. Талай емшінің алдынан да өткен. Бірақ, бар талпынысы еш кеттті. Сөйте тұра, жігерін құм қылған жоқ. Алақан жайып, Алладан перзент сұрады. Сол дұғасы қабыл болды ақыры.                                                   

«Осы күнге де жеттік, әуелі Алланың арқасы. Алладан тілеп отырдық әр уақытта, үмітімізді үзбедік. Сол қызық қуанышқа міне жеттік деп ойлаймыз. Алланың арқасы деп айтамын әрине біріншіден. Не айтайын, қуаныштымын әрине. Осы енді өмірде өзім сияқты әйелдерге, отбасыларға, аналарға үміт үзбесін дегім келеді»,- деді Алматы облысының тұрғыны, Сандуғаш ҚҰСМЕТАЕВА.  

Перзентіне зарығып жеткен 51 жастағы ана қуаныштан көз жасына ерік берді. 30 жылдан бері қолдау көрсетіп, әйелінің  көңіліне медеу болған отағасы да толқып жүр. Нәресте сүймесе де, ұстасқан қолдарын ажыратпаған отбасы Қаскелеңде тұрады. Жүкті келіншек Алматыдағы перинатология ғылыми орталығына жергілікті дәрігерлердің жолдауымен ай басында келген. Ал, өткен аптада көптен күткен сәбиін жарық дүниеге әкелді. Әзірге қыздарының атын құпияда ұстап отыр.   

«Бұл ерекше жағдай. Осы жастағы әйелдердің алғаш рет бала көтеруі өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан, қауіп-қатері де жоқ емес. Көп жағдайда әйелдердің денсаулығы 30-дан кейін бала көтеруге жарай бермейді. Бірақ, Сандуғаш  өте жақсы күтінген. Әрі, Алматы облысы дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған. Осының арқасында, аман-есен босанды»,- деді Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы «ана мен бала» бөлімінің меңгерушісі, Камиль САМИТОВ.

Дәрігерлер ана мен баланың денсаулығына қауіп келтірмеу үшін, кесір тілігін жасапты. Бүлдіршіннің салмағы 3 келіден асқан.  

Қазір кішкентай бүлдіршін мен оның анасының жағдайы қалыпты. Дәрігерлер оларды үйлеріне шығарып салуды жоспарлап отыр. Ақ халаттылардың сөзінше, бұл жастағы әйелдің құрсақ көтеруі елімізде соңғы 10 жылдықта тіркелген алғашқы жағдай екен. 

Медиктердің мәліметінше, елімізде бала туу көрсеткіші айтарлықтай артыпты. Мәселен, 1998 жылы Қазақстанда босану көрсеткіші 227 мың 400 болса, былтырғы жылы бұл сан 398 мыңнан асқан. Ал, 1998 жылдан 2015 жылға дейін 5 млн 593 мыңнан астам босану дерегі тіркеліп, 5 млн 593 мың 573 бала өмірге аман-есен келген.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы