Алматы көшелерінде арнайы жолаққа басымдылық берілмек

Алматы көшелерінде арнайы жолаққа басымдылық берілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы көшелерінде арнайы жолаққа басымдылық берілмек. Қоғамдық көліккке арналған жол 2020-шы жылға дейін 200 шақырымға дейін ұзартылады. Арнайы жолақ автобустардың жүру уақытын 15-20 пайызға шапшаңдатып,  жолаушылардың уақытын 30 пайызға үнемдейтін көрінеді. Ал жол жөндеу мәселесіне келгенде, Түрксіб және Алмалы аудандарында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бұл шаруаны әкімдіктегілер шілденің аяғына дейін бітіруді жоспарлап отыр.

Биылғы жылы арнайы жолақтың нақты қай көшелерде сызылатыны әзірге белгісіз. Ол Алматы қаласының көліктік реформасы аясында даярланып жатқан 2017-2023 жылдарға арналған жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспарда белгіленетін болады. Бұл құжатты шетелдік консультанттар - Ресейлік-Германиялық біріккен кәсіпорны жасап жатыр. Белгілісі, ұсыныс бойынша арнайы жолақ сызылатын көшелер тізіміне Әл-Фараби даңғылының кей учаскелері, Гоголь және Тимирязев көшелері еніп отыр.

«Солардың зерттеулері бойынша, Әл-Фараби көшесінің кей учаскелерін, Гоголь, Тимирязев көшесіне арнайы жолақ жасау туралы ұсыныстарын беріп жатыр. Бірақ олар зерттеу жасаған кезде, транспорттық модель жасау арнайы компьютерлік бағдарламасына қай көшеге жолақ кіргізуге болатындығын сонда енгізіп, тексеріп көреді. Оның қаншалықты автобустардың жүруін қанша пайызға көбейтеді, қаншалықты жолаушылар көбейетіндігін анықтайды»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.

Ал Түрксіб ауданында тас жолдарды жөндеу жұмыстары сәуір айында басталған.  Жұмыстың 1-ші кезеңінде 11 шақырымға созылған 10 көшені қалыпқа келтіру жоспарланыпты. Қазір 8 көше тақтайдай тегістеліп жатыр. Олардың ішінде Қапшағай көпірі де бар. Ауданда былтыр 18 шақырымға созылған 25 көше жасалатын болса, биыл ұзын-ырғасы 15 көше жөнделуі мүмкін. 

«Бірінші вокзалдың алды, онда орташа жөндеу жасалып жатыр, ескі асфальтты алып, орнына жаңасын төсеп жатырмыз. Сүйінбай көшесінде, Багдан Ахмидинскийдан төмен қарай жасалып жатыр, тратуарымен бірге. Кешеден бастап Қапшағай мостын бастадық, қазір кесіп жатыр. Оның жалғасы Бурундайский көшесі, сол Қапшағай көпірінен Жансүгіров көшесіне дейін»,- деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары, Болат БАЙДІЛДАЕВ.

¤Қапшағай көпіріндегі жолды жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өйткені, шілде айының аяғына дейін нысанды толықтай тапсыру қажет. Жұмысшылар күніне 12 сағаттан қызмет етеді. Асфальттың ескі қабаты сүріліп, оның орнына жаңасы төселеді.

Алмалы ауданы аумағында көшелермен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да жөнделіп жатыр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ауданнан жіберілген 34 мекен-жайдың 6-да қазір жұмыстар жүріп жатыр.  Ал екінші кезеңде Желтоқсан, Әуезов, Гагарин, Қарасай батыр және Шевченко көшелері жасалмақ. 

«Қазіргі уақытта Алмалы ауданының аумағында 5 көше бойынша орташа жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Ол Брусиловский, Шокин көшесі, Жібек Жолы даңғылы, үй арасындағы проезд, Оренский көшесі. Управлениеге 34 адрес бергенбіз, соның алтауында жұмыстар басталып кетті. Ол Әйтеке би, Төле би, Гайдар, Байтұрсынов және Әди Шәріпов көшесі»,- деді Алмалы ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы, Әкімхан ТӨЛЕГЕН.

Биылғы жылдың сәуір айында басталған жол жөндеу жұмыстары шілденің аяғына дейін аяқталуы қажет. Ал, тас жолдардың сапасын арнайы комиссия жіті тексеріп барып қабылдап алады.

Сая Меңдеке, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров