Алматы трамвай жолдарынан арылады. Қала басшылығы биыл жалпы ұзындығы 8 жарым шақырымдық шойын рельстерді алып тастауды жоспарлап отыр. Орнына асфальт төселіп, қос жиекке веложолдар салынбақ. Одан бөлек, жүргіншілерге арналған тораптар түбегейлі түрленеді. Ұзақ жылдан бері жөндеу көрмеген бірнеше көше қайта жаңарады. Қыруар осы шаруаға қала қазынасынан 7 млрд теңге бөлінген.
Жолды жөндеуге жең түре кіріскен бұл жұмысшылар Абдуллин көшесін жаппай тегістеп жатыр. Олар ойдым орындарды аршып, орнына су жаңа асфальт төсеуде. Қарқынды құрылыс өткен айда басталған. Қазір аяқталуға шақ. Шамамен 2 шақырымға жетеғабыл жол толықтай жаңарады. Мердігерлер жиектегі жүргінші жолдарын да қалыпқа келтіруде.
«Бұл көшеге 10 жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазір 80-ге жуық қызметкеріміз ескірген жол жабындысын аршып, орнына жаңа асфальт төсеп жатыр. Қажетті техниканың барлығы бар. Осы айдың соңына дейін тиісті жұмыстарды толық аяқтаймыз», - деді мердігер компанияның директоры Мамет НАСИМОВ.
Биыл Алматыда ұзын-ырғасы 170 көше жөнделеді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген. Жуырда Байтұрсынов көшесі толықтай жаңарады. Жолдан бөлек, қос қапталындағы арық жүйесі де, жарық шамдары да жаңадан орнатылады. Қазір Жандосов көшесін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Тар торап аз күннен соң 4 жолақты жолға айналады.
«Жандосов көшесі Сайыннан бастап Яссауи көшесінен сәл аса жасалады. Оның ұзындығы 2 шақырым. Веложол болады. Екі жағында тротуар, арығымен. Жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары қарастырылған», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қайсарбек АМАНЖОЛОВ.
Көлік қозғалысына керексіз жатқан трамвай жолдары да кедергі. Сондықтан қала басшылығы биыл 8 жарым шақырым шойын рельстерді алып тастауды көздеген. Әуелі Қонаев, Шевченко мен Өтепов көшелеріндегі темір жолдар жойылмақ. Ал босаған орындарға асфальт жабылады. Кейін қос жиекке веложолдар салынады. Бұл жүргіншілердің қолайлылығы үшін жасалмақ.
Трамвай тоқтағалы мына темірлерді тот басып, құр жатыр. Өтепов көшесіндегі шойын жолдың жалпы ұзындығы шамамен 1 шақырымға жуықтайды. Керексіз болғасын, қала басшылығы оны сүріп тастау туралы шешім шығарған. Ол жұмыс осы жазда басталады.
Алматыдағы тас жолдарды жөндеумен қазір 4 бірдей мердігер компания айналысып жатыр. Бас-аяғы 20 бриагада бар. Олар арық желілерін қатар жаңартуда. Осы жылы 14 шақырым суағар жөнделмек. Бұл жұмыстарға жұмсалатын қаржы бөлініп қойған. Мердігерлер төселген жолға 3 жыл кепілдік береді.
«Алматы қаласындағы көшелердің жалпы ұзындығы 3 мың 6 шақырымды құрайды. Бұл Алматы мен Мәскеу арасындағы қашықтық. Біз жыл сайын 140-150 шақырым жолды жөндеп, қалыпқа келтіріп тұрамыз», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қайсарбек АМАНЖОЛОВ.
Алматыдағы жол жөндеу жұмыстары алдағы күз айында толық тәмамдалады. Ескірген трамвай рельстерін құрту - жоспар бойынша жүргізіледі. Сөйтіп, басымдық жүргінші мен веложолдарға беріледі.
Дастан Сейілханұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы