Алматыда мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде тағы бір балабақша ашылды. Медеу ауданында кезінде кеңсе болған ғимаратта енді 50 бала тәрбиеленеді. Ауданда кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізіп келеді. Жыл аяғына дейін мұнда жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер саны 20-ға дейін ұлғайтылмақ. Жаңа балабақшаның жұмысымен әріптесім танысып қайтты.
Медеу ауданында ашылған балабақша 50 балаға шақталған. Қазір мектепке дейінгі мекемеде 30 бала тәрбиеленуде. Жекеменшік бөбекжай 14 адамды қызметпен қамтып отыр. Алтыншаш Мұздыбаева мұнда психолог болып жұмыс істейді. Жақында мектепке барған ұлын, қазір осы жерде қосымша сабаққа әкеліп жүр.
«Өте қолайлы болды балабақшаның Медеу ауданында ашылғанына. Және өзіміздің қатынауымызға біріншіден. Баланың мектептен кейінгі уақытта бос жүрмей, қосымша сабақтары үйретіледі және бұл жерде бізде мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Сөйлеуде мүскеуліктері бар балалар бар. Және ДЦП балаларымыз келеді көбінесе. Мамандардың жүргені өте қолайлы болды бізге»,- деді Жекеменшік балабақша қызметкері, Алтыншаш МҰЗДЫБАЕВА.
Балабақшаның басты ерекшелігі сол мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар да ем қабылдай алады. Ол үшін арнайы медициналық қызметкерлер тартылған. Мектепке дейінгі мекемені ашқан кәсіпкердің бұл алғашқы балабақшасы емес. Бұған дейін құрылған бөбекжайына келетін балалар саны көбейгендіктен, екіншісін ашуды ұйғарыпты.
«Әрине қиналыстар бар, біраз жетіспеушілктер бар қаражат жағынан. Сондықтан біз әкімшілікке хаттама жазып, сондай көмектер сұрағаннан кейін бізге мемлекеттік тапсырыс бойынша бізге балапан бағдарламасы бойынша бізге орын бөлініп осы жерден, осы балабақшадан 50 орын бөлініп, сондықтан әкімшіліктің көмегі болғаннан кейін біз қуана қуана қабыл алып, осы балабақшаны ашып жатырмыз»,- деді Жекеменшік балабақшаның директоры, Айгүл ҚАСЫМОВА.
«Білім алуда арнайы бір қажеттіліктерді қажет ететін балалар ол тіл жағынан мүкістігі бар, дене бітімі жағынан мүкістігі бар сол балаларды да балалардың ортасында тәрбиелеу мақсатында осындай балабақшалар ашып жатырмыз. Біздің осы Медеу ауданында Старт балабақшасы ашылып жатқан осы жылдың ішіндегі 3-ші балабақша ал мынадай инклюзивті бағыттағы балабақша ол бірінші балабақша ашылып жатыр»,- деді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы, Ағайша САПАРОВА.
Жалпы, Медеу ауданында 18 мемлекеттік, 48 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Мектепке дейінгі мекемеде 6400-ден аса бала тәрбиеленуде. Ел қуанышына айналған мұндай тәрбие ошақтары осы жылы арта түспек. Жыл аяғына дейін осындай 20 мектепке дейінгі мекеме іске қосылмақ. Ауданда қазір екі мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы