Қаланың қақ ортасындағы көп қабатты тұрғын үйде 2 жылдан бері ыстық су жоқ. Бұл мәселені арнамызға хабарласқан тұрғындар айтты. «Жоқ дүние үшін ақша да төлеп отырмыз» - дейді олар.
Бұл Әйтеке би көшесіндегі 98-ші үй. Алып шаһардың орталығында орналасқан 70 пәтері бар тұрғын үй 1975 жылы салынған. Ал 30 жылдан бері бұл үйде қоныстанған Валентина Трибунская біраз уақыт ыстық су жоқ екенің айтып, себебін анықтау мақсатында тоздырмаған табалдырық қалмады дейді. Талай шендіге жазған арызы да еш нәтиже бермеген. Зейнеткер сақылдаған сары аязда суық суға шомыламын деп қыста төсек тартып қалған көрінеді.
«Негізі 2014 жылдан бері үйде ыстық су бірде бар, бірде жоқ болды. Бірақ біз ол кезде бұл мәселеге қатты мән берген жоқпыз. Шыдамдық таныттық. Дегенмен, 2015 жылдан бері ыстық су мүлдем жоқ», - деді зейнеткер Валентина ТРИБУНСКАЯ.
Көршілердің күнделікті жиналысы. Күн тәртібіндегі тақырып біреу. Хат жазып шағымданбаған атқа мінер қалмаған. Ыстық судың жырын жырлап, барар есік қайсы? 2 жылдан бері бұл сауалды ортаға салып, түйінді түйіткілді шешу жолдарын іздеуден жалықпаған қариялар әдеттегідей пәтер иелері кооперативінің басшылығына баруды жөн көрді.
Тұтқаның арғы жағындағы төрағамен тілдесуді ұйғарған тілшілерге басшы мырза «ешқандай проблема жоқ. Түймедей нәрсені түйедей қылмандар» - деп дөп басып, сұхбаттасуға уақыты жоқ екенің алға тартты. Зейнеткерлер болса «ұзақ уақыт бойы естіп келген жауап осы» дейді.
«Біз бұл жерге қайта-қайта келеміз. Көріп отырсыздар ғой, еш нәтиже жоқ. Менің түсінбейтінім, қалайша таза суды ысырап етуге болады. Біз ыстық судың орнына суық суды ағызамыз. Сол үшін ақша төлеп отырмыз», - деді зейнеткер Валентина ТРИБУНСКАЯ.
Пәтер иелері кооперативі төрағасы жүзін көрсетуден қымсынды ма? Қариялардан ұялды ма? Белгісіз. Бір сөзбен айтқанда «баяғы жартас, сол жартас». Зейнеткерлер болса, «тағы келерміз» - деп кетті, ыстық суы жоқ үйге қайтты. Ал біз «Алматы жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сауал жолдап, мынадай жауап алдық.
«Қазіргі уақытта бұл мәселенің кімнің олқылығынан орын алғанын тексеріп жатырмыз. Арнайы коммисия құрылып, сол үйдің тұрғындары, біздің мамандар және пәтер иелері кооперативінің өкілдері бірігіп жұмыс жасайды. Қазіргі таңда біз бұл шағым бойынша бірқатар жұмыстар атқарамыз. Жалпы мәселе қазір қатаң бақылауға алынды», - деді Жылуэнергетикалық кешені және тұрғын үй-коммуналық шарушылығы кәсіпорнының ресми өкілі Ян ГИРИН.
Арнайы комиссия құрылды. Оның шешімі бойынша тиісті мәселе анықталатын болды. Қанша айлар бойы шындық іздеп шырылдаған Валентина Трибунская болса, «енді қалған күндерімді тыныштықта өткізсем» - дейді. Ыстық судың жыры қалай шешімін табары біздің назарда.
Нұрсұлтан Біләл, «Алматы» телеарнасы