Алматыдағы Түрксіб ауданының тұрғындары балшыққа батқан жолдың азабын тартуда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Батпаққа белшесінен батқан жұрттың базынасы. Алматыдағы Түрксіб ауданының тұрғындары балшыққа батқан жолдың азабын тартуда. Жүруден қиналған бұқара жергілікті биліктің жұмысты бастап аяғына дейін жеткізбейтініне наразы. Енді аудан әкімдігінен ең болмағанда көшеге құм төсеп берулерін сұрайды. Жырым-жырым жолдың қашан жөнге келетінін тілшіміз Жадыра Омаржан біліп қайтты.

Бұл Алматыдағы Бейімбет Маилин атындағы көше. Мына үйдің тұрғындары балшыққа батқан жолдың кесірінен барар жерлеріне жете алмай қиналады. Әсіресе, жолдың азабын кішкентай балалар мен қарттар тартуда. Шенділер биыл күзде мұнда жылыту жүйесін ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізген. Ал күн жылынғанда жолды тегістеп береміз деген уәде еткен екен. Әбден қиналған жұрт аудан әкімдігінен ең құрымағанда құм төсеп берулерін сұрайды.

«Біздің есіктің алды бұрын лай болған. Оған біз өзіміз жиналып, осы 10-шы үйдің адамдары жиналып, жаңағы шақал-құм төсеп, көлік қоюға, жүруге батпаққа батпасын деп өзіміз төседік. Бірақ мына жолға төсеу өте қымбат. Балабақшаға барамыз, мына жолмен жүру өте қиын. Жүргенде лай. Жұмысқа барғанда оны тазалау керек»,- деді Тұрғын, Жанат ШӘМІКЕНОВА.

Батпақ жолға тұрғындардан бөлек, темір көлікті тақымдағандар да наразы. Өйткені, лас көлікпен қала ішінде жүргені үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайтын көрінеді. Бұл 21 мың 210 теңге деген сөз. 

«Жолаушылар жолағы мен көше жергілікті бюджет есебінен жасалады. Ал жобаның жетекшісі Алматы қаласының Жолаушылар көлігі және атвомобиль жолдары басқармасы. Айтылған мекенжай бойынша, күн суық болғандықтан көріктендіру жұмыстарын үлгермедік. Жақын арада жөнге келтіреміз»,- деді Алматы қаласы Түрксіб ауданының Коммуналдық шаруашылық бөлім басшысы, Айдос БЕКЕТАЕВ.

Аудан әкімдігі күннің жылынғанан күтіп отыр. Ауа-райының реті келсе көріктендіру жұмыстарын жүргізуді бірден бастап кетпек.

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров