Алматыда 11 жасар баланы өзінің өгей шешесі тапсырыс беріп өлтірткен

Алматыда 11 жасар баланы өзінің өгей шешесі тапсырыс беріп өлтірткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 11 жасар баланы өзінің өгей шешесі арнайы тапсырыс беріп асқан қатыгездікпен өлтірткен. Қалалық Ішкі істер Департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше,  күдіктілер Өркен Азаматұлын осыдан бірнеше күн бұрын Наурызбай ауданында орналасқан саяжайлардың біріне апарып буындырып, артынан денесіне пышақ сұғып жер жастандырған. Өрімдей баланың өміріне қол сұққандар туралы бейне материалды әріптесім жалғастырсын.

Өркен Азаматұлының  өлімі барша Қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Себебі, бұрын соңды елімізде 11 жасар баланы арнайы тапсырыспен ұрлатып, кейіннен асқан қатігездікпен өзінің өгей шешесі өлтірген оқиға әзірге  тіркелмеген еді. 

«Қаңтардың 19 күні Өркен Азаматұлын өзінің өгей шешесі арнайы тапсырыс беріп өзінің мектебінен ұрлап алдыртқан. Содан кейін Наурызбай ауданындағы саяжайлардың біріне апартқызып буындырып, кейіннен пышақтап өлтірген. Ал, осы оқиғаға қатысты азаматтарға 100 000 теңге ақша берген. Қанпездердің бұл әрекеті әзірге толық тексеріліп жатыр»,- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК. 

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, бұл істі марқұмның өгей анасы сыбайластарымен бірге жоспарлапты. 11 жастағы Өркенді өлтіруге ол өзінің бірінші некесінен туған 1995 жылғы ұлы мен 1997 жылғы қызын қатыстырған. Сол үшін ұлы арнайы Шымкенттен өзінің досымен келіпті. Бірнеше күн бойы олар өгей інілерінің артынан аңдыған: мектепке қалай барады, қалай қайтады, нешеде шығады, үйге қандай жолмен қайтады. 

«Оларды алдымен аңдыған. Бұл жайтты күдіктілер жіті жоспарлаған. Өркеннің жүріп тұратын жолдарын түгел зерттеген. Олардың қылмысы әшкереленсе ҚР екі бабы бойынша іс қозғалады»,- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК. 

Бүгінде алтыншы сынып оқушысының оқу орындығы бос тұр. Ал, сыныптастары әлі күнге дейін бұл қанды оқиғаға сенер емес. 

«Өркен сыныптастарына үлгі болатын бала еді. Сабақты беспен оқитын. Ұстаздар оны мақтайтын. Қазір жоқ болғандықтан қайғырып жылап жазғыз болып қалдық»,- деді Ө.Азаматұлының сыныптасы, Жақан ЕЛАМАН. 

Білім ордасы басшысының мәліметінше, Өркен оқуда озат бала болған еді дейді. Тіпті, қашанда күлімдеп жүретін жігерлі баланың тағдыры тым қысқа болатынын еш ойламадық деуде.

«Өркен өте үлгілі оқушы еді. Болашағы жарқын болады деп жүрген едік. Сабақты жақсы оқитын. Соңғы кезде көңіл күйі болмай жүрді»,- деді Алматы қаласы №67 жалпы білім беретін мектеп директоры, Бибітгүл ДЕМЕУОВА.  

Бүгінде 11 жасар Өркен Азаматұлының мәйітін өзінің туған ауылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Теректі ауылына ағайын туыстары алып кетіпті. Қазір тергеу жұмыстары жасалып жатыр.



Новости партнеров