Алматыда жол апатына түсіп, есін жоғалтқан ер адам - өзінің туыстарын тапты. Біздің бейнематериалдан кейін, Әуезхан Әшірбаевтың жақындары сонау Тараз қаласынан келіп, науқаспен жолыққан. Айтуларынша, ағаларының ауруханада жатқанын көргенде, жағаларын ұстапты. Кейін, дереу Алматыға аттанған. Әуезхан Әшірбаевтың қазіргі жағдайы жақсы, өткенді есіне бірте түсіріп келеді. Інісі мен келіні оны 1-ші қалалық ауруханаға ауыстырып, сауықтыру бөліміне жатқызған. Толық қалпына келген соң, өздерімен бірге алып кетпек. Алайда науқастың туыстары ұялғандарынан камераға сөйлеуден бас тартты. Ал, 7-ші қалалық аурухананың дәрігерлері, науқас алған жарақаттарынан айыққанын айтады.
"Науқастың денсаулығы тәуірлеп, өзі жүре алатын хәлге жеткен. Туысқандары оны сауықтыру орталығына алып кетті. Біздің дәрігерлер науқасқа тиісті көмектің барлығын көрсетті",- деді Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық аурухана нейрохирургия бөлімінің дәрігері, Александр РОМАНЧИК.
Еске салайық, Әуезхан Әшірбаевты өткен айдың ортасында жүк көлігі қағып кеткен еді. Жол апаты Іргелі ауылында болған. Жедел жәрдем жәбірленушіні 7-ші қалалық ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер оған миы шайқалып, басына ауыр соққы тиген диагноз қойған.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз, жаңа басылымдарды жіберіп алмау үшін