Алматыда заңсыз қоқыс тастайтындар тыйылмай тұр. Арнайы
тексеру барысында заң бұзған азаматтар анықталып, әкімшілік жазаға
тартылды. Жыл басынан бері, Медеу ауданында ісіне салғырт қараған пәтер
иелері кооперативі, жеке және заңды тұлғаларға 12 миллион теңгеден астам
айыппұл салынған. Осы уақытқа дейін соның 75 пайызы өтеліпті.
Медеу ауданындағы 2 гектар жер тау болып үйілген қоқыстан көз ашпай
тұр. Үйінділердің арасында полиэтилен дорбалар, пластик құтылар, құрылыс
қалдықтары да бар. Мамандардың сөзінше, қоқыстардың бұл жерде бір жылда
емес, жылдар бойы қордаланғаны анық.
"Осы күл-қоқыстарды анықтау мақсатында кезекшіліктер жасалуда. Аудан
тарапынан экология және қоршаған ортаны қорғау полициясымен бірлесе
отырып, кезекшіліктер жүргізілуде. Соның ішінде ұсталған автокөліктер
бар. Оларға айыппұл салынып, және де өздерінің төккен күл-қоқыстарын сол
тастаған жерінен тазалату жұмыстары жүргізіліп жатыр",- деді Алматы
қаласы қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы, Алмасбек
СӘТТІБАЕВ.
Экологтар заңсыз қоқыс алаңын жою мақсатында барын салмақ. Бұл аумақты
қалдықтардан арылту үшін Медеу ауданы әкімдігіне арнайы хат жолданады.
Қалаға жаңадан қосылған аумақтарда да жағдай қиын. Тұрғындар әсіресе
иесіз бос жатқан жерлерге қоқыс тастауды әдетке айналдырған. Жыл басынан
бері, Медеу ауданында заңсыз 3 қоқыс алаңы анықталыпты. Соның ішінде
Сұлусай, Көлсай ауылдарындағы қоқыс алаңы тазыртылып, аумақ ретке
келтірілген. Қазір мұндай жұмыстар Талғар және Құлжа тас жолы
аралығындағы аумақта жүргізілуде.
"Бұл жерде 4 техника жұмыс істеп жатыр. 4 жұмысшы бар. Экскаватор
бар. Бульдозер бар. 3 камазымыз бар. Соның барлығы жұмыс істеп жатыр.
Бұл енді қоқыс шығарып біткенше жұмысты жалғастырамыз",- деді Алматы
қаласы Медеу ауданы қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің
басшысы, Мақсат ЕСКЕНДІРОВ.
Мұндай тексеру жұмыстары алаңдарда ғана емес, тұрғын үй маңында да
жүргізіледі. Кезекті рейдтік барысында Мәметов және Төлебаев көшесі
маңында үй маңын қоймаға айналдырған пәтер иелері кооперативі анықталды.
Мұнда олар түрлі тұрмыс қалдықтарын жинаған. Кооператив жетекшісі
орнында болмай шықты. Ал көмекшісі осыған байланысты қандай да бір
түсінік беруден бас тартты. Дегенмен, жауапсыз ПИК-ке көріктендіру
ережесін бұзғаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл
салынды.