Адам айтса нанғысыз. Алматының қақ ортасында тұрғындар ауыз сусыз және газсыз отыр. Тіпті соның салдарынан санитарлық талаптар мүлдем сақталмаған. Мұның бәріне ескі үйді сүріп жаңасын саламын деп пәтердің басым бөлігін сатып алған компания кінәлі,- дейді тұрғындар мен әкімдік тарапы.
Қабырғасы қақырап, табалдырығы тозған бұл үйдің салынғанына 70 жылдың жүзі болыпты. Қаланың қақ ортасында орналасқан баспана апатты жағдайда тұр. Тұрғындардың пәтер ішінде газ балонды пайдаланғаны аздай, қақаған қыста құбыр жарылып, жұртшылық ауыз сусыз қалдық, деп қынжылуда. Өрт бола қалса, әуелі құжатты құшақтап далаға қашпаймыз, бірініші пәтердің ішіндегі пропанға толы балонды балконнан лақтырып әлек болатындықтарын ашып айтты.
«2014 жылдан бері үйіміздің шатыры өртке екі рет оранды. Оның себебін анықтай алмадық. Абырой болғанда, өрт сөндірушілер уақытында келіп, лапылдаған отты ауыздықтап үлгерді. Осындай сәтте ең бірінші газ балоннан құтылудың амалын жасаймыз. Өйткені үй ағаштан салынған, әб-сәтте дымы қалмай өртеніп кетуі мүмкін ғой», - деді Игорь ШАЙКИН.
«2006 жылдан бастап, мердігер компания үйді сүреміз деп тұрғындардың жартысын көшірді, жартысы сол күйі қалған еді. Енді міне осындай апатты үйде тұруға мәжбүрміз. Барлық жөндеу жұмыстарын өз ақшамызға жасатамыз. Оған қоса, пәтер иелері кооперативі түк істемесе де, жасамаған жұмысына ақы төлеп отырмыз», - деді Марина СЕВАСТЬЯНОВА.
Тұрғындардың сөзін, коммуналды шаруашлық мамандары да құптайды. Айтуларынша, ескі үйлерді сүріп, жаңасын салмақ болған компания сатып алған пәтерлерді екінші деңгейлі банкке кепілге қойып, несие алған. Әйтсе де, берешегін өтей алмай, жұмысы тоқырап тұр. Енді әкімдік тарапы жаңа инвестор іздеп әлек.
«2006-2007 жылдар арасында «СИК и К» компаниясымен осы 5 үйді Жамбыл-Шарипов, Досмұхамедов-Шевченко көшесіндегі 2 қабатты 5 үйді «СИК и К» өздернің иелігіне сатып алған. Олар бүгінгі таңда БТА банктің қол асында десе болады. Кепілде тұр. Сондықтан мемлекет тарапынан ол үйлерді бұзуға мүмкіндік жоқ. Бүгінгі таңда Алмалы ауданының әкімшілігі тарапынан жеке инвестор тартумен иайналысып жатырмыз», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан АЙТАНОВ.
Жұмысты бастап соңына дейін жеткізбеген компания тарапы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал тұрғындардың қауіпсіздік ережесін сақтамай, газ балонды пәтер ішінде пайлануына да дәл осы мердігер компания кінәлі дейді аудан әкімдігі.
2006 жылдары Алматыны газдандырумен айналысқан кезде, «СИК и К» компаниясы өздірнің аттарынан бізге келісім берген жоқ. Қазір жеке меншік үй болғандықтан, мемлекет тарапы газды қостыруға мүмкіндігі жоқ», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан АЙТАНОВ.
Компания жұмысты соңына дейін жеткізуге бекінсе, онда қалған 16 пәтерді де сатып алуы тиіс. Әу баста осындай уәде естіген тұрғындар әлі де үміт үзбейді. Тоқ етері тірлік теңгеге келіп тірелуде. Сондықтан тұрғындарға қыруар қаржы құюға қорықпайтын қалталылардың қарекет еткенін күтуге мәжбүр. Бір ғана Алмалы ауданында бұдан бөлек 128 үйдің тозығы жеткен. Былтыр 5 үйдің орны босатылып, биыл орнына көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқын алмақ.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы