Алматыда көгілдір отын сақтайтын резервуарлар жаппай алынып жатыр

Алматыда көгілдір отын сақтайтын резервуарлар жаппай алынып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 60 жылдан бері тұрған көгілдір отын сақтайтын резервуарлар жаппай алынып жатыр. Өйткені, тұрғындар газдың ортақ жүйесіне қосылғандықтан, ескі құрылғылар керексіз болып қалған. Оның үстіне, жерге көмілген бөшкелерден жазда көгілдір отынның исі шығып, адам өміріне қауіпті болатын - дейді тұрғындар.

Бұл алматылықтардың бірі білсе, енді бірі білмейтін газ сақтайтын резервуарлар. Мәселен, Алмалы ауданындағы мына аулада оның бірден үшеуі жер астына көмілген. Өйткені, тұрғындар осыған дейін бөшкелерден үйлеріне көгілдір отын алып отырған. Әрқайсысының кем дегенде 60 жылдық тарихы бар. Қазір қолданыстан шығып қалған резервуарларды қала әкімдігі жаппай алып, ал орнын көгалдандырып жатыр.

«Қазіргі таңда 60 газгольдер болған Алмалы ауданы бойынша. Сол 60-тың 15-і қалып отыр. 10 маусым айына 10-ына дейін алып бітеді. Алынған газгольдерлердің орнына жасыл газон отырғызылады және гүл отырғызылады. Сол сатып алған компания өздерінің көріктендіруін жасап кетеді», - деді  Алматы қаласы Алмалы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Дәулет ЕШМҰРАТОВ.

Қазір керексіз болып, үлкен аумақты алып жатқан құрылғылардың орны құлпыратынына тұрғындар қуанышты. Енді мына ауладағы 4 тұрғын үйдегі 160-тай пәтерді газбен қамтып келген резервуардың бұрынғы жері адам танымастай өзгереді. Тіпті, халық біраз уақыттан бері аудан әкімдігіне тапсырып беріп, ескі резервуарды алып тастауды өтініпті.

«Көп жыл бойы бізде сұйытылған газ болды. Әрине, өте қиналдық. Ол өте қымбат болатын. Бітіп қалатын. Бітіп қалған кезде күтіп жүретін едік. Өте ыңғайсыз болатын. Газгольдерді қазір алып тастап жатқандығы өте ыңғайлы болды. Қаншама орынды алып тұрды. Арасында газ шығып тұратын. Адам денсаулығына зиян болатын», - деді ПИК төрайымы Сара САҒЫНДЫҚОВА.

Ал алынып қалған резервуарды газбен қамтып келген компаниялар іске жарататын көрінеді. Айта кетейік, Алматыда осындай ескі жер астына көмілген бас-аяғы 300-дей газ сақтайтын бөшке бар. Олар шамамен 1966 жылдары іске қосылып, қала толықтай табиғи газға көшкен жылы өшірілген.


Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров