1 маусымнан бастап жанар-жағармай бағасы көтеріледі

1 маусымнан бастап жанар-жағармай бағасы көтеріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жергілікті әкімдіктер орман алқаптарын өрттен қорғауға дайын емес. Себебі  арнайы техника тапшы. Бұл туралы бүгін Үкіметте  Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Ведомство басшысының сөзінше, соңғы бес жылдың ішінде тілсіз жаудан келген шығын көлемі 600 млн теңгені құраған.

Бүгінгі жиында шенділер мемлекеттік бюджетке едәуір шығын келтіріп отырған тілсіз жау мәселесіне терең көңіл бөлді. Ішкі істер министрі біраз өңірлердің ну орманды өрттен сақтауға қауқарсыз екеніндіктерін жеткізді.Бар мәселенің түйіні техниканың тапшылығында.Тіпті, кейбірі тозығы жетіп, істен шыққан. Қалмұханбет Қасымов  келтірген мәліметке көз жүгіртсек, соңғы бес жылда 20 мыңға жуық түрлі деңгейде өрт болып, 1,8 млн гектар аймақ тілсіз жау құрсауында қалған. 20 адам көз жұмып, 2,3 мың ірі қара тірідей жанып кеткен. Бюджетке келген шығын көлемі 600 млн теңгені құрапты.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!Баянды баяндауға мәжбүрмін. Қабылданып жатқан шаралар мен талаптарға қарамастан, аймақтар қауіпті өрт кезіне толық дайын емес. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының 3 орман және табиғатты қорғау мекемесін алайық. Олардың аумағында 460 мыңнан астам гектар орман қоры бар. Нормаға сәйкес онда 14 өрт сөндіру автоцистернасы болуы керек. Қазіргі таңда үш автоцистерна ғана пайдаланылуда», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Бұл ақпараттан кейін Бақытжан Сағынтаевта жергілікті әкімдіктердің жұмысын қатты сынға алды. Жеке қолданысқа қажет қымбат көлікті алуға қаржы жетеді. Ал өрт сөндіруге керек жабдықтарға келгенде қол қусырып отырады -деді. Осы орайда, Премьер-министр аймақтардың қауіпсіздік техникаларымен қамтылуын тексеруге бұйрық берді.Оның ішінде балаларға арналған демалыс орындары мен шипажай жіті бақылауға алынбақ.

«Әкімшіліктер қымбат автокөліктерді жылда сатып алады. Ал мына орман, дала өрттерін сөндіруге байланысты, не болмаса тасқын суға қорғаныс жасауға қажетті құрал-жабдыққа келгенде ақша жоқ болып қалады. Сол себептен өңірлердегі құрметті әріптестер, осы мәселеге баса назар аударыңыздар. Алғашқы кезеңде қажеті материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлуді сұраймын», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Сонымен қатар, отырыстан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мамырдың 21 күні Шығыс Қазақстан облысы орман шаруашылығында орын алған төтенше жағдайға қатысты пікір білдірді.Белгілі болғандай, тілсіз жауды өшіруге 300 адам жұмылдырылған. Қосымша  Ми-2 тікұшағы көмегімен 25 тонна су себіліпті. Айта кету керек, қатты тұрған жел төтеншеліктердің жұмысына біраз кедергі келтірген. Өртенген аумақ 100 гектарды құрап отыр.

«Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысы Семей өңіріндегі жағдай біраз тұрақталды. Өрт шалған аумақ 100 гектар. Тілсіз жау ошағы бақылауға алынды. Көп жағдай ауа райына қатысты. Ауыл шаруашылығы министрі біздің ведомство қажетті техниканы жіберуге дайынбыз», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.

Қалмұханбет Қасымов еліміздің үш өңірінде қуаңшылық болады - дейді. Демек, аптап ыстық оңтүстік өңірге қауіп төндіруі мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өз кезегінде көктемгі егін егу жұмыстарын қозғады. Айтуынша, 1 маусымнан бастап жанар-жағармай бағасы көтеріледі.

«Жанар-жағармайға келер болсақ, 1 маусымнан бастап барлығымызға белгілі акциз күшіне енеді. Баға көтеріледі деген сөз. Сондықтан мамыр-маусымға жоспарланған көлемді осы айдың соңына дейін алу қажет. Бұл барлық облысқа қатысты. Осы мәселелерді бақылауға алатын болсақ, көктемгі егістік жұмыстарын табысты өткіземіз деп ойлаймын», - ҚР Вице-премьері, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Сөз соңында Бақытжан Сағынтаев егін егу жұмыстарында да шикілік болмауы керек екенін ерекше табыстады. Күн көзі енді жылығанымен кей өңірлер аталмыш салада алда көрінеді.


Назым Мәлікқызы , Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров