|
26.03.2018 | 22:31
11674

Алматыда 150 түп сиверс алмасы отырғызылды

Алматыда 150 түп сиверс алмасы отырғызылды

Алматыда белсенділер Наурыз мерекесінде 150 түп сиверс алмасын отырғызды. Аталған акция арқылы олар ұмыт болған апортты қайта жаңғыртуды көздейді. Жетісу ауданының тұрғындары да бұл игі шарадан тыс қалмады. Алматының символына айналған, дәмі ерекше сұрыпты алманың санын көбейтуге асыққандар қатарында баладан бастап, еңкейген қартқа дейін бар.

Үлкен істі бастау үшін белсінділерге көптің керегі жоқ. Тек көшет, күрек пен суға толы шелек және көтеріңкі көңіл-күй болса болғаны. Мереке күндері тұрғындар үйде бос жатпай, «Алма қала» акциясы аясында табиғат жанашырларымен бірге көшет отырғызды. Ал еңбегінің тәтті жемісін бірнеше жылдан дейін көреді. Айтпақшы, қалада өскен алмаларды еш қорықпастан жей беруге әбден болады.

«Мен өзім күмәнмен қарадым. Ауасы ластанған экологиялық ортада өскен алма өзіне зиянды заттарды бойына жинайды дегенмін. Сұрақтың жауабын анықтау үшін ғалымдарға бардым. Қалада өскен алмалар қаншалықты зиян екенін білгім келді. Олардың алмалар зиянды заттарды бойына жинамайды деген тұжырымы мені таңғалтты», - деді Алматы қалалық мәслихат депутаты  Ерлан СТАМБЕКОВ.

Алма қашанда Алматының визиттік картасы болып қала бермек. Тарихқа жүгінсек, Кеңес Одағы тұсында Алматы мен Алматы облысында шамамен 3 млн-ға жуық апорт ағашы болыпты. Дегенмен, қазір қалада бұл жемістің түрін көз шалмайды. Оның үстіне, Іле Алатауының баурайындағы сиверс алмасының орманы 70 пайызға дейін жоғалып кеткен. Ал ғалымдар дәл жабайы алмадан басқа сорттар тарағанын, соның қатарында аты әлемге мәшһүр Алматының апорты да бар, дейді.

«Есімде, бұрын үлкен егістіктерде алма будандастырылып, айнала әсем иіс аңқып тұратын. Дәл осы сәтті қайта жаңғыртуды көздейміз. Алматылықтар саябақта, демалыс орындарында алмаларды көрсе, дәмін татып жүрсе екен дейміз. Осы арқылы қала тұрғындарының жауапкершлігі артады деп ойлаймын. Алдағы уақытта көшеттердің санын көбейтіп, аты ұмытылған атақты апортты қайта қалпына келтіреміз», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Жетісу ауданында мереке күндері сиверс алмасының 150 түбі егілді. Оны белсенділер тәлімбақтардан сатып алып, ағаш отырғызысы келгендерге тегін таратты. Игі іске осылайша тұрғындар да ат салысты. Жыл сайын акция аясында 1 мыңға жуық тал отырғызылады.

«Алма бақтары көбейе беруі керек. Алма ағашын өсіру керек. Сондықтан оны біз істемесек, кім істейді? Сондықтан біз алма ағаштарын егіп, «сиверс» дейміз ғой. Бұл сиверс бүкіл алмалардың атасы деп атайды. Себебі, өзіміз жеп жүрген алмалар, жемістер осы сиверстың қосыны арқасында дамып, өсіп келе жатыр», - деді «Алма қала» қозғалысының үйлестірушісі Жанна АСАНОВА.

Қазақстанда «алманың атасы» деп аталатын академик Аймақ Жанғалиев саналы ғұмырын сиверс алмасын зерттеу мен сақтауға арнапты. Себебі, жабайы алмалар басқа сұрыптарда аман сақтауға және химикаттардан емдеуге көмектеседі. Жалпы қазір алманың шамамен 6 мыңнан аса сұрпы бар. Ал сиверс алмасы түрлі дерттерге дес беріп, ауа райына оңай үйренеді екен.


Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы




Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир