БЖЗҚ экс-басшылығының ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті

БЖЗҚ экс-басшылығының ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атышулы іс сотта қарала бастады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы  қорының қаржысын талан-таражға салған 6 адамға қатысты процесс басталды. Сот басталмай жатып, олардың қорғаушылары судьяға талап-тілектерін білдірді. Бірі айыпталып отырғандарға қатысты қылмыстық істі жабуды сұраса, енді бірі сот процесі кезінде үй қамаққа көшуді сұрады. Бірақ қазы барлығын қанағаттандырмай тастады.

Алматыда бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының экс-басшысы Руслан Ерденаевқа қатысты сот отырысы басталды. Есте болса, оған «аса ірі көлемде сенім тапсырылған мүлікті иемдену мен жұмсау» және «пара алу» дерегі бойынша айып тағылып, іс қозғалған болатын. Онымен бірге «қор қаржысының бақандай бес млрд теңгесін өзара талан-таражға салды» деп айыпталып жатқан бес адам бар. Олар төрағаның бұрынғы орынбасары Дабыр Медетбеков, қордың басқарма басшысы Мұса Бахтов, «Бузгул Аурум» компаниясының иесі Бахытжан Кенжебаев пен директоры Азат Найзағарин және «МегаТрансАзия» компаниясының директоры Талас Тұртаев. Осы іс бойынша өткен алдын ала тыңдалымда 6 адвокат та судьяға бірден талап-тілектерін жаудырды. Жүздеген томнан тұратын атышулы процесс ашық өткенмен, сотталушылардың, олардың қорғаушылары мен туыстарының бет-жүзін көрсетуге мүлде тыйым салынды.

«Найзағариннің мүддесін қорғайтын Қанафин, Кенжебаевтың қорғаушылары Андронов пен Байдәулетованың қорғауларындағы азаматтардың ісі дәлелденбеді деп қылмыстық істі тоқтатуға байланысты түсірген арыз-шағымдары қабылданбайды. Оның себебі, күні бұрын айтылғандығы. Соттың пікірінше, мұндай жағдайда қылмыстық процессуалдық кодекстің 331-ші бабы бұзылады. Істің барлығы сот талқылауында зерттелуге жатады. Сот алдағы уақытта сотталушыны, куәгелерді, жәбірленушілерді тыңдауы керек», - деді  Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мәртбек КӘКІМЖАНОВ.

Басты айыпты саналып отырған қордың экс-басшысы Руслан Ерденаев пен оның сыбайластары Азат Найзағарин мен Бахытжан Кенжебаевтың қорғаушылары судьядан сұрағандай үй қамақта емес, тергеу изоляторында қалатын болады. Қазы олардың талап-тілектерін қанағаттандырмай тастады. Тек қорғаушыларға сотта ноутбук пен дауыс жазатын құралды қолдануға және сотталушы 6 адамның туыстарын қорғаушы деп тануға рұқсат берді. Одан кейін, Талас Тұртаевтың адвокаты сұрағанындай қорғауындағы азаматты амнистияға іліндіруді сұрағаны да қанағаттанбады. Ал Руслан Ерденаевтың экс- орынбасарының қорғаушысы қылмыстық істі ашуға көмектескені үшін және ауыр сырқаты барын айтып, істі мүлде тоқтатуды сұраған болатын. 2 жарым сағатқа ақылдасу бөлмесіне кеткен судья оны да қанағаттандырған жоқ. Руслан Ерденаевтың қорғаушысы Александр Блок оның кінәні мойындағаны не мойындамағаны жөнінде әзірге ештеме айта алмаймын, деді. Оны қордың экс- төрағасы өзі айтады деп отыр.

«Судья біздің талап-тілегімізді жартылай қанағаттандырды. Сот отырысында ноутбук пен диктофон қолдануға рұқсат берді. Ал қалғанын қанағаттандырған жоқ. Енді басты сот талқылауы өтеді. Сонда бәрі түсінікті болады. Дәл қазір ештеңе айта алмаймын. Менің қорғауымдағы азамат үй қамаққа алынса, прокурор айтқандай ешқайда да қашып кетпейтін еді», - деді Р. Ерденаевтың қорғаушысы Александр БЛОК.

Айта кетейік, зейнетақы қорының бұрыңғы төрағасы Руслан Ерденаев бастаған қылмыстық топ биыл жыл басында қамауға алынған болатын. Олар «қордағы қаржыны қымқырды» деп айыпталды. Тергеу дерегінің мәліметінше, былтыр 6 қазан күні Қазақстанның қор биржасында Бірыңғай зейнетақы қорының қаржысына «Бузгул Аурум» компаниясынан 500 мың бағалы қағаз сатып алынған. Бұл Үкіметке 5 млрд теңгеге шығын әкеліпті. Енді басты сот отырысы 15 қарашаға белгіленді.


Новости партнеров