Алматыда баспанаға кезекте тұрған азаматтардан құжаттар қабылдануда

28.04.2017 16:07

«Атлетикалық ауылдағы» дайын пәтерлерді үлестіру үшін Тұрғын үй құрылыс басқармасында тағы да құжаттар қабылданып жатыр. Алатау ауданына қарайтын баспаналар кезекте тұрған азаматтарға таратылады. Атап айтсақ, көп балалы аналар, толық емес отбасылар, мүгедек балалар мен оларды тәрбиелеуші жанұялар, жетімдер мен оралмандар. Бұдан бөлек, мемлекеттік, әскери, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінен де құжаттар жиналмақ. Баспана кезегінде тұрған азаматтар 3-ші мамырға дейін е-gov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтініштерін өткізуі тиіс. Үміткерлердің тұрғын үйлерді жалдай отырып сатып алуына мүмкіндік бар. Жалдау мерзімі 20 жылға болса, онда пәтерлердің бір шаршы метрі - 1036 теңгені құрайды.  

«Берілетін пәтерлер көлемі 996 пәтер. Бір бөлмелі пәтерге қазір қабылдауымызды жүргізіп жатырмыз. Бұл үйлер енді жалға беріледі, 20 жылға, төлемақысы бар бір шаршы метрге 1036 теңге. Сосын толығымен де жауып тастауыңызға болады, яғни 20 жылға жеткізбей», - деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Әзірет ЕСЕЕВ.