Осы қыста өгей шешесі өлтірткен 11 жасар Өркеннің өліміне байланысты сот процесі басталды. Алдын-ала тыңдалымға жантүршігерлік қылмысқа қатысты деген күдіктілердің барлығы шақыртылған. Бұғанасы қатпаған Өркенді өлтіртуге өгей ана өзінің туған балаларын араластырған. Тіпті, олардың қолын қанға бұлғауы үшін 100 мың теңгеден беруді уәде етіпті. Айдана Мейрамбайқызы тарқатады.
Осы қыста 11 жасар Өркен Азаматұлының басынан өткен қайғылы жағдай расымен де бүкіл елдің жағасын ұстатқан еді. Ересектер арасында туған отбасылық даудан жазықсыз бала жапа шегіп, айуандықпен өлтірілді. Мектеп пен үй арасында жүрген Өркен, қаңтар айының басында із-түссіз жоғалып кеткен еді. Бірақ, көп ұзамай баланың өлі денесі Алматы облысындағы үйлердің бірінің жертөлесінен табылды. Тәртіп сақшылары жантүршігерлік өлімге күдікті ретінде 5 адамнан құралған қылмыстық топты қамауға алды. Басты айыпталушы Өркеннің өгей шешесі. Бірнеше ай тергеуден соң, күдіктілер сот залына шақырылды.
¤Жиылған жұрттан қымсынбай, істеген ісіне міз бақпай отырған келіншек аса ауыр қылмысқа күйеуінен кек қайтару үшін барған көрінеді. Шәрипа Ақбердиева әуелі ажырасуды алға тартқан отағасының сөзін қолдаған, енесін өлтіртпекші болыпты. Алайда, бұл жоспарын жүзеге асырудың реті келмепті. Кейін өзінің бірінші күйеуінен туған қос перзенті мен кәмелет жасына толмаған өгей ұлын ортаға салып, Өркенді ұрлап әкеткен. Құрбаны қолға түскесін, ашу қысқан келіншек өзінің 22 жастағы туған ұлы мен 17 жасар өгей баласына Өркенді өлтіруді тапсырыпты. Тіпті, бұл ісі үшін екеуіне 100 мың теңгеден ақша беруді уәде еткен. Ақшаның буы аңқығасын, жас жігіттер 11 жасар Өркенді жаны шыққанша буындырған.
«Өркен өлі адамның белгісін бермегенше оны жібермей, жерге жатқызып қылқындыруларын тоқтатпаған. Онымен қоймай Өркеннің денесін бірнеше мәрте пышақпен соққылар жасаған. Содан кәмелетке толмаған Азаматұлының өлгеніне әбден көздері жеткен соң, кәмелетке толмаған Гулямов ағасы Ақбердиев екеуі Ақбердиеваның нұсқауы бойынша Азаматұлының киімдерін шешіп, оның мәйітін алдын-ала қазып дайындап қойған шұңқырға көміп тастаған. Ал, киімдерін және мектепке арналған заттарын жасалған қылмыстарын әшкерелемеу мақсатында үйдегі пештің ішіне өртеп жіберген»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Арыстанбек ӘЛІКЕНОВ.
Бұғанағы қатпай, азаппен жан тапсырған Өркеннің өлімі үшін бақандай 5 адам күдікті. Олар қылмыстық топты құрған Өркеннің өгей шешесі мен оның туған балалары, кәмелет жасына толмаған өгей ұлы. Сондай-ақ, жәбірленушіні көлігіне салып алып, қылмыс болған жерге алып барған такси жүргізушісі. Басты айыпталушы, яғни Өркеннің өгей шешесіне Қылмыстық Кодекстің 3 бабы бойынша айып тағылды. Күйеуінен кек алуды ойлаған келіншек адам ұрлау, кәмелетке толмаған баланы қасақана өлтіру, кәмелетке толмаған адамды аса ауыр қылмыс жасауға тарту бойынша жаза арқалауы мүмкін. Ал, қалған 4 күдікті адам ұрлау, кәмелетке толмаған баланы қасақана өлтіру бабы бойынша айыпталып отыр.
«Бүкіл халық білсін. Осындай адамдар жер бетін басып жүрмеу керек. Бұндай жауыздар басқа біреудің баласын да өлтіруі мүмкін»,- деді Өркеннің апасы, Бағдагүл ЕСЕНБЕКОВА.
Күдіктілердің қорғаушылары тергеуге алынғандар арасында кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің бар екенін алға тартып, бұдан кейінгі отырыстың жабық түрде болуын сұрады. Десе де, сот бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ. Ендігі соттың басты тыңдалымы 15 мамыр күні сағат 14:00-де Қарасай аудандық сотында ашық түрде өтеді.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы