Алматыда Храпуновтар ісі бойынша сот талқысы басталды

07.08.2018 16:11

Алматыда Виктор және Лейла Храпуновтар ісі бойынша негізгі сот талқысы басталды. Экс-шенді мен зайыбы және кезінде лауазымды қызметтер атқарған өзге де тұлғалар ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және сол топ құрамында заңсыздыққа жол бергендері үшін айыпталып жатыр.

Мемлекеттік  айыптаушы Храпуновтардың мемлекет мүлкін тонаудағы қитұрқы әдістері мен келтірген зиянын тізіп шықты. Қолындағы билікті асыра пайдаланған бұрынғы әкім су қорғау аймағында орналасқан қымбат жер учаскелерін мемлекеттік қордан заңсыз алып тастаған. Бұдан бөлек, ол балабақша, емхана,  тіптен әкімдік ғимараты сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарды, Алматы әуежайындағы терминалды да жеке меншікке өткізіп жіберген.  

«Ұйымдасқан қылмыстық топ  бюджет қаражатын заңсыз иемденіп қана қоймай, мемлекеттің жылжымайтын мүлкін  алаяқтық жолмен, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу және сатып алынған мүлікті заңдастыру арқылы иеліктен шығарды. Бұл мемлекеттік меншіктегі мүліктерді алушылар Храпуновтың басшылығымен толықтай бақыланған жеке компаниялар болды. Ол үшін Храпунов өзінің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы әкімшілігінің коммуналдық меншігіндегі объектілер әдейі арзан бағамен иеліктен шығарылды. Оған қажетті адамдарды да арнайы таңдады», – деді мемлекеттік айыптаушы Алмас БАЙБАРАҚОВ.