Алматыда зообақтан 32 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырған есепшіге қатысты сот басталды. Отырыста алдымен куәгерлерден жауап алынды. Ал мемлекеттік айыптаушы тергеу мәліметтерімен толық таныстырып, экс-есепшінің әккі әрекетін қалай жүзеге асырғанын тәптіштеп тізіп шықты.
Өткен аптадан бері кейінге шегеріліп келген процесс әйтеуір бүгін басталды. Айыпты Алматы хайуанаттар бағының бұрынғы есепшісі – Марина Назарова. Сот отырысы басталмай жатып, бірден «қос қорғаушы жалдаған айыпталушы кінәлі емес», - деді. Тіпті судьядан бұлтартпау шарасын кепілмен немесе үй қамаққа өзгертуді де ұялмай сұрады. Тек қазы талабын қанағаттандырмай тастады.
Еске сала кетейік, хайуанаттар бағының есепшісі Марина Назарова билеттен түскен пайданы иемденгені үшін айыпталып отыр. Сатылған билеттер туралы базаға тіркелген ақпаратты өз қолымен өшірген. Жымысқы әрекеті салық қызметкерлерінің арнайы тексерісі нәтижесінде әшкерелінді. Осылайша, зообақ есепшісі, айыптаушы тараптың дерегінше, 32 млн теңгені қолды еткен.
«Алматы хайуанаттар бағындағы билеттердің жетіспеушілігі 2015-ші жылдың 28-ші желтоқсаны мен 2016-шы жылдың 29-шы қазан айы аралығында байқалған. Барлығы 34 мыңдай билет жоғалды. Жүргізілген компьютерлік тексеріс кезінде оның мүлде серверден жойылғаны белгілі болды», - деді мемлекеттік айыптаушы Ержан ҚҰРАҚБАЕВ.
Экс-есепшінің бұрынғы әріптестерінен жауап алынды. Алайда уақыттың тапшылығына байланысты тек екеуі ғана сұралды. Айтуларынша, зообақта күнделікті 3 касса жұмыс істеген екен. Ең маңыздысы көбіне Марина Назарова отыратын 1-сі саналыпты. Өйткені, онда "Девпарк" атты сервер орнатылып, сатылған билеттердің толық есебі сақталған.
Айыпталушы Марина Назарова соттағы сөзін барлық куәгерлерден жауап алған соң айтпақ. Алда зообақтың бас бухгалтері мен онымен бірге істеген есепшілер сұралады. Келесі отырыс 1-ші қарашаға жоспарланды.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы