Алматыда жұрттың етегіне жармасып қайыр тілейтіндер жазаланады. Бір ғана Медеу ауданында жыл басынан бері қоғамдық орында алақан жайып жүрген 250-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылған. Бүгінде көшелер мен базарлар маңынан бөлек, қоғамдық көліктерге дейін мініп, қол жайып, тиын-тебен тілейтіндер көбейіп кеткен.
Орталық мешіт маңында 3 баласымен қайыр тілеп тұрған Салтанат Көшекбаева – жалғызбасты ана. 31 жастағы келіншек қалың елге қол жайып, нәпақасын заңсыз жолмен тауып жүр. Ол «жұмыссызбын, баламды қарайтын адам жоқ» деп ақталды.
«Қанша жерге жұмысқа бардым...үлкен мейрамханада да істедім. Ақшамды әрең жүріп алдым. Балаларымды қарайтын адам жоқ... не істеймін енді?!», – деді жыларман болған Салтанат КӨШЕКБАЕВА.
Полицейлердің құрығына түскен әйел мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмаймын деді. Жалғызбасты ана және жұмыссыз ретінде тіркелу керек екенін де білмеген. Жергілікті полиция қызметкерлері келіншектің кішкентай балалары бар екенін ескеріп, жазбаша түрде ескерту жасады.
«Қоғамдық орында қайыр тілегеніңіз үшін сізге қазір жазбаша ескерту жасаймыз. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларыңыз болғаны үшін сіз туралы мәліметтерді ювеналдық полицияға жібереміз, сізге ары қарай солар көмек көрсетеді», – деп ескерту жасады оған полиция өкілдері.
Салтанат секілді мешіт маңында алақан жайып, қайыр тілеп отырғандар көп. Әсіресе, жұма күні мұнда қайыр тілеушілер көбейіп кетеді. Оның көбісі қарттар, ақ жаулық киген әжелер мен балалы әйелдер. Жарымжан адамдарды да жиі кездестіресіз. Көбісі түсірілім тобының камерасын көріп, қаша жөнелді. Полицейлердің көзіне түскендерге алдымен ескерту жасалады. Екінші рет ұсталса 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 12 мың теңге айыппұл арқалайды. Мәселен, өткен жылдың 9 айында 291 адам әкімшілік жазаға тартылған екен.
«Жыл басынан бері 257 адамға әкімшілік шара қолданған. Оның 5 пайызы шетел азаматтары болып табылады. Біз оларды Ішкі істер басқармасына жеткізіп профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Әкімшілік хаттама толтырамыз. Шетел азаматы болса миграциялық полицияға береміз», – деді Алматы қаласы Медеу аудандық жергілікті полиция бастығының орынбасары Дәурен МАЙЛЫҚБАЕВ.
Қайыр тілейтіндер халық көп жүретін саябақтар мен базарлар маңында да жиі кездеседі. Баламен жүретіндерді ювиналдық полицияға, кәмелеттік жасқа толмағандар бейімдеу орталықтарына жіберіледі. Ал музыкалық аспапта ойнап ақша табатындар жазаланбайды. Себебі, олар өнері үшін ақы алған боп есептеледі. Айта кетейік, 2015 жылдың қаңтар айында қоғамдық орында қайыр-садақа сұрауға қатаң тыйым салынған заң күшіне енген. Мегаполистегі қайыршылармен күрес шаралары жалғаса бермек.
Тоғжан Аман, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы