Алматы облысында сотталғандар отбасымен кездесті

Алматы облысында сотталғандар отбасымен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бір жыл бұрын ғана қолданысқа берілген Заречный елдімекеніндегі түрмеде ашық есік күні өтті. Бүгін тікенді сыммен қоршалған түзету мекемесіне сотталғандардың жақындары емін-еркін кірді. Ал жазасын өтеушілер туыстарын құшақтап, жарты күн сағыныштарын басуға мүмкіндік алды. Бұл сәтті ұзақ күткен сотталғандар кішігірім концерт ұйымдастырды.

ЛА 155\12 мекемесінде қаншама айы мен күнін, күзі мен көктемін өз қолдарымен темір торға матаған 700-ден астам адам бар. Түрме шамамен 1500 сотталғанға шақталған. Мұндағылардың басым бөлігі есірткі сатқандар, алаяқтар, педофилдер мен адам өлтіргендер. Тар қапаста отырғандардың ең азы 5 жылға, көбі 25 жылға дейін бас бостандығынан айрылған. Бүгін биік қоршаудың есігі келем деушілер үшін айқара ашық болды. Бұл жолы жақсы тәртібімен көзге түскен 150-ден аса сотталған туған-туыстарын көріп, әңгімелесуге мүмкіндік алды. Алматы тұрғыны Евгений Бажежа да 9 жылға сотталған інісін бір жыл бойы көрмеген. Шалыс басқан бауырын әбден сағыныпты.  

«Бірден жұмыстан сұранып, осында келдім. Сағынамыз, тезірек үйге оралғанын күтеміз. Інімнің амандығын біліп, жағдайының жақсы екеніне көзім жетті. Дені сау, көңіл күйі көтеріңкі», - дейді Евгений БАЖЕЖА.

Бұл жердің түрме деген аты болмаса, құдды жатақханаға ұқсайды. Жаңа үлгідегі колонияда сотталғандар осындай әлемдік стандарттарға сай камераларда жатады. Тар қапастың ішінде теледидары бар демалыс орны, екі жуынатын бөлме қарастырылған. Тек қос темір есік пен темір терезе ғана оның түрме екенін еске салады. Сотталғандардың түнгі 22:00-ден кейін жүріс-тұрысын арнайы қозғалысты бақылайтын құрылғы қадағалайды.

Сондай-ақ, әр камерада бөлек дәретхана, үстел және темір төсектер бар. Сотталған 35 жастағы Павел Доценко өмірінің 13 жылын тар қапаста өткерген. Айтуынша, енді бостандықтың ауасын жұтуға 3 жылы қалыпты. Бірақ жақында шартты түрде босатылу үшін сотқа өтініш жазған. Сондықтан, түрмеден шығатын күн де жақын дейді жазасын өтеуші.

«Менің туыстарым бүгін келмеді. Бірақ ертең ұзақ уақытқа кездесуге келеді. Жақындарым мені сағынып, күтіп жүр. Шығуға аз қалды деп ойлаймын. Мен 2005 жылы адам өлтіргенім үшін сотталдым. Бұл менің екінші түзету мекемем емес, шатаспасам алтыншысы. Барлық болған жерлерімнен маған осы жер ұнады. Неге? Өйткені, камералық жүйеде мен күнделікті көрші жататын 3 адамды ғана көрем. Қол боста кітап оқимын», - дейді жазасын өтеуші Павел Доценко.

Сотталғандар бос уақытында спортпен айналысады. Футбол мен баскетбол алаңдары, тіпті кішігірім амфитеатр да бар. Жазасын өтеп жатқанда колледж оқып алуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, тігін цехында, құрылыста жұмыс істеп, 15 мың – 33 мың теңге көлемінде айлық алады.

«Туған-туыстарымен кездесудің өз тәртібі бар. Мәселен, жазасының түріне байланысты өз нормалары болады. Сонымен қатар, сотталған шетелдіктер де бар, олардың туыстарымен кездесуіне бөлек норма қарастырылған. Қазір біздің түзеу мекемесінде Колумбияның үш азаматы жазасын өтеп жатыр», - дейді ЛА 155/12 Республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Сырымбек НҰРМҰХАМБЕТОВ.

Яғни, сотталғандар мен жақындарының кездесуі сотталушының жазасына байланысты. Мәселен, бір жылдың ішінде: қысқа мерзімге – 2 сағатқа және ұзақ уақытқа – 2 күнге кездесуіне болады. Ал ашық есік күндері бір көруге зар болатын отбасын, жақындарын жарты күн көруге мүмкіндік алады. Сондықтан, сотталғандар барынша тәртіпті болуға тырысады.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы

Новости партнеров