Алматының денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы болып Серікбол Мусинов тағайындалды. Оны медицина қызметкерлерімен өткен кеңес барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек таныстырды. Серікбол Мусинов еңбек жолын 1980 жылы Аягөз аудандық орталық ауруханасында дәрігер-интерн болып бастаған. Атап өтерлігі, бұған дейін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін Уәлихан Ахметов атқарған еді. Жиында қала басшысы басқарманың 2016-2017 жылдары атқарған аралық қорытындыны атап өтті. Бала өлімі 2,5 есе төмендеген, туберкулезға шалдыққандарды амбулаторлық емді қамту 2 есе артқан. Осы арқылы осы сырқаттан көз жұматындар 36 пайызға азайған. Тыныс алу мүшелері, жарақат және жұқпалы аурудан қайтыс болу көрсеткіші кеміген.
«Соңғы екі жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру едәуір ұлғайды. Өткен жылы 3, биыл 4 медициналық мекеме ашылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жеке инвестордың қаржысына №36 қалалық емхана қолданысқа берілді. 2017 жылы жаңа 9 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Қала аумағына жаңадан қосылған жерлерде медицина инфрақұрылымдарының қол жетімділігіне ерекше назар аударылады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.