Алматыда ветеринариялық орталық жұмыстары өзгертілмек

Алматыда ветеринариялық орталық жұмыстары өзгертілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әзірленіп жатқан жол картасына сай ең алдымен қалада жұмыс істеп жатқан ветеринариялық орталық жұмысы өзгертіледі. Ол халықаралық талаптарға сай қызмет ететін болады. Орталыққа әкелінген иесіз жануарларды ұстау және тамақтандыру ережесі жаңғыртылады.

«Ветеринария орталығының жұмысын жетілдіру бойынша резервтер әрдайым бар. Үй жануарлары біз үшін ерекше мәселе. Егер оларға деген қарым-қатынас жоғары деңгейге көтерілуін қаласақ, әлемдегі озық тәжірибені қолдана отырып, өзге мемлекеттердегідей жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ, жұмысты жақсарту үшін дамылсыз еңбектенуіміз тиіс»,- деді Қала әкімінің орынбасары, Ерлан ӘУКЕНОВ.

Иесіз жануарларды оқшаулау орталығында ұстау уақытын ұзарту мәселесі де қарастырылуда. Оған қоса, мекеме замануи  материалдық-техникалық базамен жабдықталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ветеринария орталағына иесі іздеп келмеген жануарлардың көзін жою үшін қолданылатын дәрі өзгертілмек.

«Қазіргі уақытқа дейін ол бір этаппен істелген. Бірақ дәрілік затпен. Келесі енді өзгерістер енсе, екі этаппен жасалады. Жаңағы рамитар құрамында ксенозил 2 пайыздық. Дәрінің арқасында олар наркозға жатады. Екінші дәрілік зат жүрек қағысы мен тыныс алу рефлекстерін тежейді. Сол арқылы эвтаназия жасалады»,- деді Ветеринар, Мархабат МАДИЯРОВ.

Жоба аясында тұрғындармен жұмыс та жүргізіледі. Сөйтіп, жануарларды ұстау мәдениетін жоғарылату мәселесі де қолға алынады. Нормативтік-құқықтық актілер жаңғыртылып, оларды ұстау ережесіне түзетулер енгізіледі. Қала тұрғындары иттерін белгіленген орындарда алып жүретін болады. Жол картасын әзірлеуге жануарларды қорғау ұйымдары және еріктілер де ат салысқан.

«Жол картасының таныстырылымында біздің тарапымыздан айтылған ұсыныстар ескерусіз қалмайтындығы айтылды. Құжатта да қажетті дүниелер жазылған»,- деді Жануарларды қорғау қоғамдық қорының президенті, Алла НОЕРЕНЧУК.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жол картасын 2 аптада толық аяқтауды тапсырды. Құжат дайын болған соң, қалалық мәслихат қарауына жіберілмек.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров