Қоғам белсенділері бұрынғы НКВД ғимаратының бұзылуына қарсы

14.07.2018 02:37

Алматыда бір топ қоғамдық белсенді 85 жылдық тарихи бар мұражайдың мейрамхана мен қонақ үйге айналуына түбегейлі қарсы шықты. Айтуларынша, кезінде Алаштың талай арыстары жазықсыз азапталған бұрынғы НКВД ғимаратының қазір қос қабаты бұзылып, жаңа қожайын ішіне құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Ал жабылып қалған музей экспонаттары құрып кетудің аз-ақ алдында тұр.

Айта кетсек, «Саяси қуғын-сүргін тарихы музейі» 13 жылдан бері жабық тұр. Осы уақыттан бері жиналғандар кәсіпкермен арпалысып, еш нәтижеге қол жеткізе алмадық деп отыр.

Бұл 1934-жылы қаланған бұрынғы Ішкі істер халық комиссариатының ғимараты. Мұнда нысанның тарихын айшықтайтын 2 қабатты мұражай болған. тарихшы Жұмабек Ашулы құнды деректерді жинап, оны 2003-жылы ашқанын айтады. Кейін, 2 жылдан соң ғимарат ойда жоқта жекенің қолына өтіп, музей жабылып қалады. Содан 13 жылдан бері ғимарат жүзден астам коммерциялық ұйымға жалға беріліп келіпті. Ал жақында нысан иесі мұнда мейрамхана мен қонақүй сала бастаған. Бұрын Алаш арыстары азапталып, бостандықты аңсаған жердің қазір бір бөлмесінде Жұмабек Ашуұлының өзі тұрып жатыр.

«5 жыл болды, міне. Төрт орындықтың үстінде жатамын. Мына жер – менің жұмыс орным да, ұйықтайтын жерім де, асханам да. Мені сол мыңдаған әруақ қолдап жүр деп ойлаймын», – дейді Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек АШУҰЛЫ.

Тарихи деректерге сүйенсек, бүгінде Наурызбай және Қабанбай қөшелері қиылысында орналасқан атышулы түрмеде 1938-ші жылы 641 адам жазықсыз атылған. Оның қатарында, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров сынды елдің бетке ұстар азаматтары да болған. Мыңдаған адамның өмірі қыршыннан қиылған нысан – сауда-саттықтың, ойын-сауықтың ордасына айналмауы тиіс дейді «музей шырақшысы». Ол бұл ғимаратты тарихи ескерткіштер қатарына кіргізу керек деп санайды.

«Бүкіл жәдігерлеріміз, заттарымыздың бәрі Алматы қаласы мұражайына берілген. Олар соның қоймасында жатыр. Қазір олар Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр қиылысындағы ғимаратқа көшіп келген. Бірақ қандай күйде екенін білмеймін. Қалай сақталып жатыр? Аман ба, сау ма? Әлде бір жерде бұзылып шіріп жатыр ма? Бірақ ең бастысы, мұражай ашылса, оның бәрін қалпына келтіруге болады», – дейді Жұмабек АШУҰЛЫ.

Тарихшы Жұмабек Ашуұлының пікірін қолдайтындар аз емес. Алматылық қоғам белсенділері, олардың арасында желтоқсаншылар да бар, саяси қуғын-сүргін тарихының музейі алдына жиналды. Олар мұндай жерде қонақүй немесе мейрамхана салғанша, жазықсыз атылғандардың арда есімін мәрмәр тасқа қашап, ескерткіш қойылса екен, сонда ел тарихы, ұлт санасынан өшпес еді дейді жиналғандар.

«Бұл ғимаратта Алаш қайраткерлері деген ұғым бар ғой. Сол Алаш қайраткерлері ұсталып, осы ғимаратта қорланған, зорланған. Аяқтарын сындырған. Бұл жерде тергеу де жүргізілген. Кейбір деректерге қарасақ, осы ғимарат ішінде сол Алаш қайраткерлерінің кейбіреуін дарға да асқан. Әбден қинаған, атқан деген деректер кездеседі. Мұндай тарихи орны бар ғимарат жекеменшікке өтпеуі тиіс сияқты көрінеді», – деп пікір білдірді ақын, қоғам қайраткері Болат ШАРАХЫМБАЙ.

«Өте үлкен киелі жер. Өзіміздің аталарымыз, Алаштың азаматтары осы жерде қанын төккен. Енді осындай ғимарат жын-ойнаққа толы мейрамхана болады, астында қонақүй болады деп естіп жатырмыз. Біз Алаштың азаматтарының киесі тұнған бұл ғимаратты жекеге беруге қарсымыз», – деді «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы бойынша төрағасы Ералы МӘМБЕТБАЕВ.  

Әзірге тарихи нысан үшін күрестің арты немен бітері белгісіз. Дегенмен, тауқыметті ғимарат коммерцияның емес, тарих пен тағзым орталығына айналуы тиіс дейтін қоғам өкілдері өз талаптарынан таймақ емес.  

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы