Мектеп жәрмеңкесі: Алматыда отандық өнімдер арзан бағада сатылады

Мектеп жәрмеңкесі: Алматыда отандық өнімдер арзан бағада сатылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мектеп формасын сатып алу биыл қолжетімді бағада болмақ. Мектеп оқушыларына арнайы киім тігетін отандық кәсіпкерлерге сату орындарын әкімдік тегін беріп жатыр. Есесіне, жеңіл өнеркәсіп саласының жетекші өкілдері тауарларын нарықтық бағадан 20 пайызға төмен сатулары тиіс.


Құдай берген қос құлынын қатарынан қалдырғысы келмей, жыл сайын жаңа мектеп формасын алатын ананың бірі – Венера. Ұлы мен қызына киім таңдап жүрген келіншек мектеп формасының құны сапасына сәйкес болса дейді. Жыл сайын жәрмеңкеге келетін ананың айтуынша, сатылып жатқан киімдердің бағасы базардан төмен болмасада, қымбат емес.  

«Жылына бір формадан аламыз. Екі сым, бір пиджак. Жыл ұқыпты бойына киеді. Сондықтан бізге жеткілікті», – дейді Венера МҰСАТАЕВА.

Жәрмеңкеде жейде, костюмдерден бөлек, қазақ кәсіпкерлерінің қолынан шыққан былғары туфлилерді де табуға болады. Шикізаты мен тігін машиналары шетелдік болса да, сәні мен сапасын арттырудың әдістерін өздері ойлап тапқан.

«38 размерге дейінгі белдемшелер 5500 теңгеден бастап, 6000 теңгеге дейін тұрады. Сарафандар 7 мың теңгеден басталады. Костюмдер 13 мың теңгеден бар. Ұлдарға костюмдер 13 500 теңгеден басталады», – деді кәсіпкер Асылгүл ҚУАНБАЕВА.    

Әкімдік жәрмеңгеге қатысқан кәсіпкерлерге сату алаңдарын тегін ұсынып отыр. Көпшілікке көрнеу орында бір айдан аса тегін тұрып, тауарын саудалайтын  кәсіпкерлерге қойылатын талап – құн көшедегі дүкендерден төмен болуы тиіс. Бастапқы фабрика бағасынан аса асырмаймыз деген 9 компания киімдерін қойған.

«Өнім өндіріс құнынан аспауы тиіс. Алдымен бұл жерде мектеп оқушысына қажетті форманың барлық түрін табуға болады. Жәрмеңкенің басты мақсаты – отандық өндірісті қолдау әрі тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау, сапалы тауар түрлерін ұсыну», – деді  Алматы қаласы Кәсіпкерлікті және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Рүстем ВОРОШИЛОВ.  

Қолайлы жағдай жасалғанына қуанған кәсіпкерлер өткен жылғы жәрмеңкеде 4 мыңнан астам адам келіп, қажетін алып кеткен дейді. Оқушыға арналған бренд киімдердің көрме-жәрмеңкесі қыркүйектің 10-на дейін жалғасады.  

Әмірболат Құсайынұлы, Рәшит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров