Алматыда «Нұрсұлтан Назарбаев: Дәуір, Тұлға, Қоғам» атты көшпелі көрме ашылды

Алматыда «Нұрсұлтан Назарбаев: Дәуір, Тұлға, Қоғам» атты көшпелі көрме ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Нұрсұлтан Назарбаев: Дәуір, Тұлға, Қоғам» атты көшпелі көрме ашылды. Орталық мемлекеттік мұражайға алғаш рет Елбасының жеке мұрағатынан 800-ге жуық құнды жәдігерлер жеткізілген. Мұндай іс-шара Тұңғыш Президент күні мен еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңына орайластырылып отыр. Төрт бөлімнен тұратын көрмеде мемлекет басшысының өмір жолындағы ерекше сәттері бейнеленген. Көшпелі көрме екі айға жалғасып, шара барысында экскурсиялар, конференциялар мен түрлі шеберлік сыныптары өткізілмек. Айтулы шараға мәдениет саласының майталмандары мен қала әкімі Бауыржан Байбек те қатысты.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының өмір жолына арналған көшпелі көрменің есігі бүгін осылайша салтанатты түрде айқара ашылды. Айтулы шараға еліміздің белді тұлғалары мен қоғам қайраткерлері жиылып, көз қызықтырар жәдігерлерді тамашалады. Көрмеге арнайы ат басын бұрған қала әкімі Бауыржан Байбек, еліміздің дербес ел болып қалыптасуында Президенттің тұлғалық рөлін атап өтіп, алматылықтар үшін бұл шараның орны ерекше екенін айтты.

«Еліміз достық пен келісімнің мекеніне айналып, әлем елдеріне үлгі болды. Тәуелсіздік және Елбасы ажырамас ұғымға айналды. Сондықтан да бірегей экспозициялар мемлекетіміздің қалыптасу тарихынан терең мағлұмат беретін екі айға созылатын бұл көрме алматылықтардың толассыз әрі шынайы қызығушылығын тудыратын болады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК. 

Көрме азаттықтың алтын бесігі саналатын мекен - Алматыдан бастау алғаны үлкен маңызға ие деген Мәдениет және спорт министрі, Елбасының ерен еңбектеріне тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған еркіндіктің есігін ашты. Тарих үшін ең қысқа мерзімде ел экономикасын қарыштап дамытып, ішкі және сыртқы саясатын әлемдік деңгейге көтерді. Елбасының саясатының арқасында толағай табыстарға қолымыз жетті. Қазіргі уақытта Қазақстан әлем мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналды», - деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Орталық мұражайға Астанадан 800-ге жуық экспонат жеткізіліпті. Оның басым бөлігі мемлекет басшысының жеке мұрағатынан, кітапханасы мен музейінен алынған түпнұсқадағы жәдігерлер. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-тегінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмірлік сәттері бейнеленген тың материалдар бар.

«Біз болашақты ойлап, біздің ұлтты, мемлекетіміздің қалыптасуын әр кезеңін жақсы зерттеп білу үшін осындай ойменен осы көрмені ұйымдастырып отырмыз. Осы көрмеге әкелгеніміз 800-ге жуық сақтам бірлік, 300-ден астам сақтам бірлік – ол музей қорынан, 300-ден астам кітапхана қорынан және де 100-ге жуық мұрағат қорының материалдары», - деді ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Күлайша АҚТАЕВА.

Көрмеде тастармен көмкерілген Құран кітаптары айрықша көзге түседі. Кітаптың барлығы Елбасыға сыйға тартылған. Ал, сөредегі мына шағын Құран ғарыштан келіпті. Яғни еліміздің белгілі ғарышкері Талғат Мұсабаев өзіне серік еткен кітапты Елбасыға табыстаған. Мұндай баспалар Президент қорында 70-ке жуық. Ал, бүгінгі көрмеге жеткізілгені - 12 дана.

Ал көрменің мына бөлімінде Елбасыға өзге елдердің көшбасшыларынан сыйға тартылған 30-дан астам награда бар. Көбіне олар ынтымақтастық пен серіктестікті дамытуға қосқан үлесі үшін берілген. Соның ішіндегі ең бірегейі ретінде мына награданы айтуға болады. Мұны 2000-ші жылы Ұлыбритания Королевасы Президентке ядролық қарудан бас тартқаны үшін сый-құрмет ретінде берсе керек.

Жалпы көшпелі көрме төрт бөлімнен құрылған. Олар Елбасының өмірбаянын, мемлекет болып қалыптасу кезеңін, жоғары мемлекеттік наградаларын және сыртқы саясаттағы тарихи  кезеңдерін қамтиды. Көрмені қызықтаймын деушілер мәдени шараны 14 қаңтарға дейін тамашалай алады.

Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров