Алматыда жаңадан тарихи - өлкетану мұражайы ашылды

23.12.2016 15:57

Алматы қаласының мың жылдық тарихымен танысқысы келген қонақ үшін қаланы шарлаудың керегі жоқ. Бір ғана музейден шаһардың қола дәуірінен қазіргі кезге дейінгі өмірімен танысуға болады. Қырық мыңнан аса жәдігері бар Алматының тарихын айшықтайтын мұражай жұмысын бастады. Мәдени мұраға толы нысанды Алматы әкімі Бауыржан Байбек ашты. Қаланың тарихын таңбалайтын жәдігерлер тұрғызылғанына ғасырдан асқан нысанға тоғыстырылған. Жаңа музей туралы тілші бейнематериалында.


Алатаудың ағаштарымен әрленген бұл ғимараттың қабырғасы он тоғызыншы ғасырдың соңында яғни, 1892 жылы қаланған. Нысан француздық сәулетші Поль Гурдэнің жобасымен салыныпты. Бұл жер сілкінісіне ең төзімді ғимарат болып есептеледі. Мұнда жиырмасыншы ғасырда әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары тәрбиеленіп, білім алған. Ғимарат Алматы әкімдігінің тапсырмасымен күрделі жөндеуден өткізіліп, шаһардың мың жылдық тарихын айшықтайтын мұражай болып жұмысын бастады.


«Сыртқы келбетінің тарихи түрін өзгертпей, ішкі құрылымын музей экспазициясына ыңғайландырып, бірақ ғимараттың көлемдік мығымдығын азайтпай мұражай жасап шығуға тапсырма берген болатын. Сол жұмыс бір апта бұрын аяқталды»,- деді "Қазқайтажаңғырту" РМК кеңесшісі, Қанат ТҰЯҚБАЕВ.

Алматы аумағынан табылған жәдігерлерге толы мұражайды қала әкімі Бауыржан Байбек ашты. Сонымен қатар, мәдени ғимараттың салатанатты шарасына қала үшін еңбегі сіңген қайраткерлер мен Рио олимпиадасының жеңімпаздары шақырылған. Алматы әкімінің айтуынша, музей тек қана қаланың тарихынан бөлек қазақ елінің тарихынан да сыр шертеді.


«Елбасы осы музейге келген кезде жақсы сөз айтып кетті. Алматы қаласы - мәдениеттің, білімнің, ғылымның, туризмнің орталығы. Ал, туристер біздің қаламызға келгенде бір баратын жері болуы керек. Бір жерден Алматы қаласының тарихын білу үшін осындай керемет жағдай жасалынған»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
 

Мұражайда қазір 40 мыңнан аса жәдігер бар. Олардың басым бөлігі Алматының мың жылдың тарихын айшықтайды. Әрине мұндағы басты экспонаттың бірі мың жыл бұрын соғылған күміс тиындар. Дәл осы жәдігерлер Алматы қаласының мың жылдық тарихына дәлел. Мұражай тарихи кезеңдерге байланысты 11 залға бөлінген. Әр залдағы жәдігерлерді айшықтау үшін заманауи графика және музыкамен сүйемелденеді.


«Тарихи жәдігерлермен қатар заманауи технологиялар арқылы бізде жоқ затты мысалы, жәдігерлердің барлығын бір мұражайға жинай алмаймыз ғой. Көбі басқа музейде жатыр. Сондықтан, біз мысалы сақ дәуірін 3D галаграмма арқылы көрсетіп тұрмыз»,- деді Экскурсия жетекшісі, Алтын ОРЫНБАЕВА.


Айта кетейік, Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевта музейдің экспозициясымен танысты. Мұнда бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы, түрлі дәуір мен мәдениетке жататын тұрмыстық заттар, нумизматика жәдігерліктерінің жиынтығы және басқа да мұралар бар.


Аршын Кемелжан, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы