Жүгенсіз кеткен автобус жүргізушілері алматылықтарды мезі қылды

Жүгенсіз кеткен автобус жүргізушілері алматылықтарды мезі қылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар жеке тасымалдаушылар ұсынған автобустардың қызмет сапасына көңілдері толмайды. Құйындатып бір-бірімен жарысатындары былай тұрсын, бет жыртысатын кондукторлар әбден мезі қылған. Біздің арнаның ватсап нөміріне күніне осы тектес бірнеше шағым келіп түседі. Мәселені қарастырған тілшілер тиісті автопарк басшылығына жолығып келді. Олар белгіленген ережелерді сақтамайтын жүргізушілерді заң бойынша жазалап-ақ жатыр. Тек одан шығар нәтиже шамалы.

Алматылық Геннадий Миронов бұл жағдайды өзімен бірге басқа да жолаушылардың күнде бастан өткеретінін айтады. Ал мына видео қаладағы №38 автобустың ішінде түсірілген. Кондуктор қолма-қол төлем жасаған оған билет басып бермей әбігерге салыпты. Кейін жүргізуші билет беру үшін өзгелердің қауіпсіздігін ойламастан рөлді бос қойып, қоғамдық көлікті жолға қарамай айдаған. Қазір бейнежазбаны желіге жүктеп үлгерген Геннадий құқығы тапталғандардың көп екеніне анық көзі жеткен.

«Бұл кондуктордың қалтасына кеткен ақша «Green Bus»  бюджетіне түспейді деп ойлаймын. Сәйкесінше, автопарктың жаңа автобус сатып алып, оларды жаңартуға қаржылары жетпейді. Соған қарамастан, жол ақысының бағасын көтергілері келеді. Ақшаны қатардағы жолаушылардан тонап жатыр. Жүргізуші мен кондукторлар өте дөрекі», - деді Геннадий МИРОНОВ.

«Бізде әр аптада тәртіптік кеңес бар. Сол аптада сол тәртіпке жүргізушіні шақырып, қарап, түсіндірме алып, жүргізушіге сөгіс бердік. Тағы қайталанса, сол бұзушылық, қайтадан екінші сөгіс береміз. Үшінші бұзушылық болса, біз жұмыстан шығарамыз», - деді «Green Bus Company» ЖШС директоры Бауыржан КҮЛІШЕВ.

Айта кетейік, аталған екі оқиға бір автобуста орын алған. Енді сол бағытта қызмет еткен кондуктор жұмыстан шығарылды. Оған қоса, жүргізуші әр сайын берілетін сыйақыдан да қағылды.

Автопарк басшылығына жолаушылардан күніне жүргізушілердің дөрекілігі, жол ережесін сақтамағаны, автобусты дұрыс пайдаланбағаны үшін 20 шақты арыз келіп түседі. Жол қозғалысы кезінде белгіленген ережені сақтамағандар қатаң жазаланады. Мәселен, 2016 жылы 266 жүргізуші, былтыр 160 тәртіпке бағынбағандары үшін жұмыстан қуылған. Қазір автобустарда 15 пайыз, ал троллейбустардың 20 пайызында  жүргізушілер жетіспейді. Бізді бастысы жолақының жайы емес, жолаушылардың қамы алаңдатады деген автопарк басшысы төлемнің смс-тен бөлек, басқа да тиімді жолдарын ұсынбақ.

«Бізде әр автобуста терминалдар тұр. Тағы біз қосымша қызмет жүйесін қойып қойдық. Смс-пен төлеуге болады. Сол жолаушылар смс-пен төлесін. Тағы бір айда дайындап жатырмыз бір қызметті. «М-виза». «М-виза» банктік картаның екі түрі бар. Мобильді виза, яғни карточка керек жоқ. Сол «М-визаны» смартфонға жазады», - деді  «Green Bus Company» ЖШС директоры Бауыржан КҮЛІШЕВ.

«Оңай» картасын алмай, дифтарифпен төлеп жүргендерге жақында осындай мобильді виза қызметі іске қосылуы мүмкін. Негізі еңбек кодексінде жүргізушілерге жолаушылардан ақша алу міндеттелмейді, тек кондукторлары жоқтар ғана солай істеуге мәжбүр. Ал күні кеше ғана жолақысын көтергісі келетін компанияларға қала әкімі нақты жауап берген еді. Әзірге қызмет көрсету сапасы көтірілмей, жолақысын өсіру жайы мүлде сөз қозғалмайтын болды.


Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров