Алматыда көше атауларын өзгертудің кезекті толқыны басталды

04.12.2017 22:32

Алматыда көше атауларын өзгертудің кезекті толқыны басталды. Бұл әсіресе қосылғанына 3 жыл толған, сүт кенже Наурызбай ауданына қатысты. Оған бұрын облыстан қосылған елді-мекеннің Алматы ішіндегі көше атауларын көп қайталауы бірден-бір себеп. Ономастикалық комиссия солардың 104-ін шұғыл ауыстыруды ұсыныпты. Сондай-ақ көше атауын өзгерту қаланың Медеу, Бостандық пен Алмалы аудандарын да айналып өтпеді. Қазір әкімдік қызметкерлері үйлердің нөмірлерін түгендеп, кейін көшелерге жаңа тақтайша ілуді бастап кетпек.

Оқыс оқиға орнына жедел жетуі тиіс құтқару қызметі қалада көше атауларының көп қайталанып кеткенін айтады. Бұл шұғыл әрекет ететін мамандардың жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді екен. Өйткені, уақыт тығыз сәтте бірнеше рет мекен-жайдан шатасып, көмекке кеш жеткен кездері болыпты. Себеп, қалада бірін-бірі қайталайтын он екі Абай, он үш Жамбыл Жабаев, сегіз Райымбек батыр мен сегіз Қарасай батыр көшесі бар.

«Иә, ондай қиындықтар бар жұмысымызда. Мысалы, кейбір көше атаулары Абай көшесі, Әуезов немесе Құрманғазы көшелері бірнеше аудандарда кездеседі. Мекен-жайды анықтаған кезде көшенің қиылысын немесе қай ауданда орналасқанын анықтауға тура келеді. Әсіресе, бұл жаңа қосылған аудандарға қатысты. Жаңа аудандарда көше атаулары мүлдем жоқ», - деді Алматы қаласы Құтқару қызметінің аға кеңесші-диспетчері Әйгүл НҰРСЕЙІТОВА.

Бұл олқылықтың орнын Наурызбай ауданының әкімдігі ретке келтіруге тырысқан. Биыл онда қайталанатын Мұхтар Әуезов көшесіне аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің есімі берілген. Сондай-ақ аты жоқ 4 көшеге жаңа атау беріліпті. Енді жақында тағы 104-інің аты өзгертілмек.

«Қазақстан Республикасы архитектуралық заңының 25-ші бабына сәйкес әкімшілік аумақтың бірлігі шегіндегі елді-мекендерге, елді-мекендердің құрамдас бөліктерін бір атау бір мәрте ғана берілуі тиіс. Ал қайталанатын атаулар заң талабына сәйкес өзгертілуі қажет», - деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай АХЕТОВ.

Көше атауларын өзгерту жұмысын әкімдік пен ономастика комиссиясы 2 жыл бұрын бастаған. Сондықтан оған еңбегі еленген тұлғалардың ғана есімі берілді. Оның үстіне, елбасы әкімшлігіның тапсырмасына сәйкес елімізде көше аттарына мейлінше жер-су атаулары беру қарастырылған. Ал халықтың сол өзгертулерге еш қарсылығы жоқ. Өйткені, жедел-жәрдем, өрт сөндірушілерді шақырғанда мекен-жайды түсіндіре алмай әлек болады.

Мамандар атауы өзгеретін көше тұрғындарына халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе  eGov.kz сайтынан электронды қолтаңба арқылы анықтама алу керек, дейді. Ал басқа құжаттарды ауыстырудың қажеттілігі жоқ. Елді-мекендерде жаңа тақтайшалар үйлердің нөмірін түгендеу аяқталған соң іліне бастайды. Бұл жұмыстарға халық бір тиын да ақша жұмсамайды. Көше атауын ауыстыру әкімдік тарапынан қаржыландырылады.

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы