Жабайы саудамен күресудің жолы біреу - көшедегі заңсыз кәсіпті заманауи сауда орталықтарына көшіру. Сонда ғана тұтынушының құқығы көшедегі саудагердің табанында тапталмайды. Ал жолда тұрып азық-түлікті халыққа ұсынатындар жұмыссыз қалмайды. Дәл осы мақсатты көксеген 40 мың шаршы метрді құрайтын Алматыда «Март Вилладж» фермерлік-сауда орталығы ашылды. Енді төрт түліктің өнімін жол жиегінде тұрып саудалайтындар өзіне де, өзгеге де жайлы, жарық, жылы жерде тұрып ұсынатын болады. Жоба құны 6 млрд теңге. Қазірдің өзінде су жаңа сауда орталығы арқасында 2 мың адам жұмыспен қамтылған.
«Біз жабайы саудамен айналысатын азаматтарды мәдени сауда жасау үшін жағдай жасап отырмыз. Сол себепті бұл мәселемен күресуді әрі қарай жалғастыру керек. Ең бастысы халықтың әлеуметтік қорғалуы. Әр бір кәсіпкер мемлекетке салық төлеуі шарт. Заң осындай. Сол үшін де біз саудагерлерді сауда орталықтарына көшуге шақырамыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Соңғы 2 жылда Алматыда 13 базар жаңарту жұмыстарынан өткен. Кезекте тағы да 6 сауда нүктесі тұр. Ал жаңадан бой көтерген «Март Вилладж» фермерлік сауда орталығы жабайы саудамен айналысып келгендерге жеңілдікпен сауда орындарын жалдауға мүмкіндік бермек.
«Біз тек сатушылармен ғана емес, өндірішу компаниялармен де жұмыс істейміз. Сауда орталығының сөрелерінде ауыл шаруашылығының өнімдері самсап тұр. Арнайы фермерлік өнімдер үшін біз тоназытқыш сөрелер, заман талаптарына сай зертхана да аштық. Мұның барлығы тұтынушыға ұсынылатын тауарлардың сапасы жоғары болуы үшін жасалып отыр», - деді «Март» фермерлік - сауда орталығының директоры Руслан ЕРЕКЕШОВ.