Енді бетті тұмшалайтын киімдерге тыйым салынады. Мұндай талаптары бар жаңа заң жобасы желтоқсан айында қабылдануы мүмкін. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің айтуынша, 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге мамандар көп жұмыс істепті. Аталмыш тұжырымдаманы мемлекет басшысы осы жылдың 7 шілдесінде бекіткен болатын. Жаңа құжатқа сәйкес, енді қоғамдық орындарда адамды тануға кедергі келтіретін, әрі діни наным-сенімге байланысты атрибуттары бар киімдерге қатаң түрде тыйым салынбақ. Сонымен қатар, жаңа заң жобасында мемлекеттік қызметкер жұмыс уақытында этикалық тәртіпті бұзатын әрекеттерге, яғни мешітке, шіркеуге баруға да шектеу қойылуы бек мүмкін. Мектеп бағдарламасына да дін туралы ақпар беретін арнайы курс ашу жоспарланып отыр.
«Парламентке толықтырулар мен өзгерістер енгізілген жаңа заң жобасын қараша айында қарауға жіберуді жоспарлап отырмыз. Желтоқсан айында депутаттардың қолдауымен қабылдау үшін. Заң жобасында бетті тұмшалайтын және азаматты танытуға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салатын норма да бар», - деді Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.