«Мен бәрін еңсеремін». Алматыда осындай атаумен өтіп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы қалалық байқаудың ақтық кезеңі өтті. Бұл шара мүгедектердің дарыны мен талантын танытуға, шығармашылығын көрсетуге, өмірге деген құштарлығын арттыруға бағытталған. Сайыс жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар тарту етілді.
Бұл бала кезінен ән айтуға жаны құмар Қанаттың мүмкіндігі шектеулі жандар арасында байқауға алғаш рет қатысуы. Оның сөзінше, өнерге деген құштарлығы атасынан дарыған қасиет. Қанат қазақтың әйгілі қобызшысы Ықылас Дүкенұлының шөбересі. 24 жастағы Қанат туылған кезінен көру қабілетінен айырылған.
«Бала шағымызда әкеміздің домбырасының үнімен сол кездерде шырқап сол кездерде болған негізі әуестігіміз. Одан кейін өлең айтпай, ән айтпай кетіп, қазір де әнге деген құштарлығым бұрынғыдай емес. Біраз алыстап кеттім. Менің негізігі мамандығым заңгер. Сол жақта жұмыс істеп жатырмын»,- деді «Мен бәрін еңсеремін» байқауының қатысушысы, Қанат АҚЫНБАЕВ.
Сайысқа қатысушылар арасында биші де, әнші де бар. Дерті бар демесең 12 мүшесі сау адамнан еш кем емес. Ең бастысы бойында рух, өнерге деген құштарлық басым.
«Қалалық байқау 3 турдан тұрды. Яғни, бірінші іріктеу кезеңі. Сонымен қатар, екінші іріктеу кезеңі. Бүгінгі өткізіліп жатқан ақтық кезең. Бұл уақытқа дейін 114 өтініш келіп түскен. Бірінші іріктеу кезеңіне 70 адам қатысты. Ал екінші іріктеуге 50 адам. Ал бүгінгіде 30-дай адам қатысып жатыр»,- деді «Мен бәрін еңсеремін» байқауының ұйымдастырушысы, Назерке БАЙЖАН.
Үздік вокал номинациясы бойынша Ерхат Тәжібаев жеңімпаз атанса, хореография бойынша Бота Жанаділ бірінші орынды иеленді. Ұйымдастырушылар жарымжан жандардың бойындағы дарынды ашып, оны жетілдіру мақсатында өткізіліп отырған байқауды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырмақ.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы