Үнемшілдік - ырыс, ысырапшылдық - шығыс. Алматыда еліміз бойынша алғашқы смарт автотұрақ ашылды. Онда небәрі 4 көліктің орнына 22 темір тұлпар тұрақтайды. Автомашиналар үсті-үстіне жиналып тұрады. Іші тың технологиямен жабдықталған. Көліктердің орнын ауыстыру бір тетікшені басу арқылы жүзеге асады. Мәселен, жүргізуші көлігін боксқа кіргізгеннен кейін, темір тұлпар бірден үстіне жиналады. Осылайша бірнеше орынды үнемдейміз,-дейді бастамашылар.
«Смарт автотұрақтың жұмыс істеу принціпі өте оңай. Мұнда қозғалтқыш орнатылған. Ол көліктердің орнын ауыстырып тұрады. Темір тұлпар тұрған орынның нөмірін бассаңыз жеткілікті. Көлігіңіз небәрі 90 секунд ішінде алдыңызға келеді. Менің ойымша, осындай автотұрақтар Алматыға өте қажет»,-деді компания директоры Ержан ШАЛДАНБАЕВ.
Смарт автотұрақпен қала әкімі Бауыжан Байбек арнайы танысты. Мұндай автотұрақ әлемнің 21 елінде жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстанда алғаш рет орнатылған. Қазір қала әкімшілігі аталған тұрақтарды Алматыда көбейту бойынша жобаны қолға алды.