Алматыда заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасуда

17.04.2017 15:50

Алматыда жол бойындағы заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Қос ауданда қаланың сәнін бұзған, оған қоса, рұқсатсыз салынған нысандар жаппай күрелуде. Өйткені, мұндай дүңгіршектердің тиісті құжаты жоқ. Ал жергілікті әкімдіктің мамандары кәсіпкерлерге сан мәрте ескерту жасап, ұдайы түсініктеме жұмыстарын жүргізіп келеді.  

Бұл жоғары оқу орындарының бірнеше жатақханасы орналасқан Әди Шәріпов пен Құрманғазы көшесінің қиылысы. Мұнда кәсіпкер тиісті рұқсат құжаттарын алмастан, дүңгіршек орнатып үлгеріпті. Онда жеміс-жидек сатып, сауданың көркін қыздырамын деп ойлаған. Алайда ісі нәтижесіз болып шықты. Алмалы ауданы әкімдігінің мамандары нысанның заңсыз екендігін ескертіп, түсіндірген.

«Бұл нысан бойынша дүйсенбі күні байқадық. Демалыс күндері салған екен өздері. Ешкімнен рұқсат алмаған. Өз бетімен салған екен. Жыл басынан күнделікті рейдтермен 142 обьект алынды. Ары қарай сол жоспарларымызды орындап жатырмыз. Күнделікті рейд. Қадағалап, көріп, протоколға кіргізіп, ары қарай жүргізудеміз», - деді Алмалы ауданы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур БАХТИЯРОВ.

«Заңсыз қойыппыз. Біз оны білген жоқпын. Бізге қарайтын жер шығар. Қаланың көркін, сәнін бұзып тұрғаннан кейін, келіп айтқанан кейін, заңнан ары асып кетпей, біз өз еркімен оны алып тастадық», - деді дүңгіршектің иесі Сәуле ҚАСЫМБЕКОВА.

Қаладағы ескі әрі қаланың көркін қашыратын дүңгіршектерге алматылықтар да түбегейлі қарсы. Өйткені, ондайлардың тиісті құжаты жоқтығын біледі.

Ал бұл Бостандық ауданындағы кезекті заңсыз дүңгіршектің бірі. Оның ашылғанына 2 аптаға жуықтапты. Иесі мұнда оңай жолмен жабайы сауданың көркін қыздырмақ болған екен.

«Бұл заңсыз болып танылды. Қазіргі уақытта алынып тасталып жатыр. Негізінде әрбір кәсіпкер өзінің осы орын алуына байланысты жер қатынастары басқармасына барып, арызымен, өтінішімен барып, рұқсат алады. Жерге рұқсат алады. Келісімдерін алып өз ісін бастауға болады», - деді  Бостандық ауданы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Аслан АХМЕТХАНОВ.

Жергілікті әкімдік заңсыз дүңгіршектің иелеріне кәсіпті заңды жолмен бастауға кеңес береді. Оған қоса, қазір көп құжат жинап бас қатпайды деп отыр.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы


Теги: снос