Алматыда заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасып жатыр

Алматыда заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір қалада рұқсатсыз сауда жүргізіп отырған 400-ден аса нысан бар. Олардың басым бөлігі Түрксіб ауданында орналасқан.

Тас талқан етілген бұл орын Наурызбай ауданында орналасқан. Бірінде кәсіпкер көкөніс сатып күн көрсе, жанындағы нысан иесі самса саудалапты. Екі сауда орнының иелеріне кәсіп жүргізуге рұқсаты жоқ екендігі ескертілген. Мерзімі жеткенде қос дүңгіршек иесі сауда орнын өз еркімен бұзып тастады. Аудан тұрғындары да оның қиратылғанын қолдап отыр.

«Бағалары да кішкене жоғарылау. Одан да таза әрі ыңғайлы жасалған дүкендерден алған жақсы. Сондықтан мынадай дүңгіршектерді алвп тастаған дұрыс деп ойлаймын», - деді қала тұрғыны Айнаш БЕРЕНОВА.

Аудан әкімдігі қызметкерлері тиісті құжаттары жоқ, қаланың көркін кетіріп тұр деген дүңгіршектерді анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізуде. Оның нәтижесінде заңсыз сауда жүргізген 30 нысан анықталыпты.

«Бұл киоскілердің көбісі салық органдарына тіркеусіз жұмыс істейді. Кейбіреулері мына халық жүретін тротуарлардың үстіне орнатылған. Көптеген қолайсыздар жағдайлар туғызады. Сол себепті қазір осындай жұмыс жүргізілуде. Жалпы бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 12-ден астам осындай киоскілер алынған болатын», - деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан ДАНДЫБАЕВ.

Бұл дүңгіршек иесі саудасын еш алаңсыз бірнеше жылдан бері тұрғын үй алаңында қыздырып келген. Мұнда сүт өнімдері саудаланыпты. Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері оның қожайынына ескерту жасаған, сауда орнын өз еркімен бұзуға келіскен ол дүңгіршекті орнынан алып тастау үшін арнайы техника жалдаған. Алайда, нысанды жылжыту жұмысшыларға қиынға соқты.

Дегенмен, рұқсат құжаты болмағандықтан талап бәріне бірдей. Бірнеше сағаттан кейін дүңгіршек техникаға тиелді. Сондай-ақ бұл заңсыз дүңгіршектің қасындағы тиісті құжаты жоқ 3 сауда орны жойылды. Саудасы қыз-қыз қайнаған бірінде ет саудаланса, басқасында көкөніс пен жеміс-жидек сатылған. Нысан иелері енді өзге орынға жайғасуды көздеп отыр. Бұл жолы тек арнайы рұқсатпен істейміз дейді. Жалпы Жетісу ауданында осы уақытқа дейін 62 заңсыз сауда орны мен 10 аялдама сүрілген.

«42 заңсыз дүңгіршек бар осы күнге дейін. Соның 10-нын алып тастадық. Енді 32-сі қалды. Оның көбісі Солтүстік айналма жолында. 1 маусымға дейін оларды да алып тастаймыз», - деді  Жетісу ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлімінің бас маманы Алмаз ТАСБОЛАТОВ.

Ауданда жыл басынан бері заңсыз саудамен айналысқан азаматтарға 600 хаттама толтырылған. Ал, осындай сұрықсыз дүңгіршектерді беталды орнатып, маңайдың сәнін бұзғандарға 4 миллмон теңгеден аса айыппұл салыныпты. Бүгінде оның 68 пайызы өндірілген.  

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы телеарнасы»


Новости партнеров