Алматыда қырғыз көліктері жаппай тексеріледі

09.02.2017 15:38

Алматыда қырғыз көліктері жаппай тексеріледі. Бұл туралы Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеді. Сала мамандарының сөздерінше,  2014 жылдың 1 қаңтарына дейін көршілес елге әкелініп,  кедендік рәсімдеуден өткен темір тұлпарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып саналады. Яғни, автокөліктің жылы стандартқа сай келсе елімізде рәсімделеді. Ал, бұдан былай Қырғызстан азаматының атына тіркелген автокөліктер Қазақстан азаматының уақытша қолдануына тыйым салынады. Яғни, арнайы сенімхатпен бұрынғыдай  жүруге жол жоқ. Елімізге Қырғызстанда  тіркелген көліктердің көптеп келіп жатқанына байланысты  қалалық Ішкі істер департаменті  Мемлекеттік кірістер департаменті және прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп арнайы рейд ұйымдастырып отырмақ. Заңға бағынбаған жүргізушілерді әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылулары мүмкін.


«2014 жылдың 1 қаңтарына дейін әкелінген көліктер ЕАЭО тауарлары болып саналады. Сондықтан елімізге әкелініп жүргізушілер өз аттарына аудару мүмкіндігіне ие. Ал, 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін Қырғызстанға әкелінген көліктерге кедендік салық төлеп рәсімдей алады», - деді Алматы қаласы МКД түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Заңғар ШЫҢДАЛИ.  


Ал, бұған дейін тыйым салынған көліктер кедендік төлемдерді жасамайынша иесіне қайта берілмейді. Еске сала кетсек, қырғыз нөмірін таққан 306  көлік жедел алдын алу шараларының нәтижесінде анықталған болатын. Темір тұлпарларды тізгіндегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 44 көлік айып автотұрағына қойылса, жеті көлік соттың шешімі бойынша мемлекеттің пайдасына берілді.