Еліміздің жүрегіне айналған Астананың туған күнін жыршылар қауымы да ерекше атап өтті. Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ұлы Дала елі» атты Халықаралық жыршылар фестиваліне еліміздің өңірлерінен 20-дан астам жыршы-ақындар қатысып, көрермендерді ұлттық мұрамен сусындатты. Бұдан бөлек мерекелі шараға өзбек, башқұрт, қырғыз елдерінің де өнер майталмандары келген.
«Жалпы республикамыздағы жыршыларға арналаған бірінші рет өтіп жатқан үлкен іс-шара болып санады. Осы Фестиваль арқылы біздің көне жыршылық өнердің тамырының бір екенін осы түркі халықтарында кеңінен тараған өнер екенін соны көрсету, яғни осы фестиваль арқылы әрбір халықта жырланатын "Алпамыс", "Қобыланды", "Көроғлы" сияқты жырларды жырлаттыру. Соның мән-мазымұнын ашу, халық ішіне кеңінен насихаттау болып табылады»,- деді Ықылас Атындағы Халық музыкалық аспаптар мұражайының жетекшісі, Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.
Айтулы күндерде елдің мерейін асырып, көсегесін көгертуді мақсат еткен жыршы-термешілердің мұндай фестивалі енді жиі ұйымдастырылатын болады. Жыршылар дәл осындай өнерлерін тәуелсіздік күнінде де паш етпек.
«Алаштың анасы болған қасиетті Сыр елінен келіп, өз атам Өлебай Үркімбаевтің өлеңін насихаттайын деп отырмын. Сондықтан болып жатқан шара халыққа да, осы Жетісу өңіріне, жалпы қазақ даласына үлкен рухани жаңғыруға үлес қосады деген сенімдемін»,- деді Жыршы, Бисенбек ТӨЛЕУБАЕВ.