Алматыда балалардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті

Алматыда балалардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл еліміз бойынша халықаралық балаларды қорғау күні ерекше тойланды. Қазақстанның барлық төңірегінде балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Алматыда өткен парадқа 5 мыңнан астам оқушы мен колледж студенттері қатысып, мерекенің ажарын аша түсті.

Шеруге қатысқан жастардың барлығы арнайы іріктеуден өтті. Бірнеше ай дайындық жұмыстары жүргізіліп, барлығы жаздың алғашқы күні бар шеберлігін ортаға салды. Республика алаңында өткен шеруге қатысшуларға қолдау көрсетуге келген халықтың қарасы көп. Ауқымды көлемде тойланған мерекеге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы келді.

Шеруді қалалық Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатының өрендері бастады. Одан бөлек, барабаншылар, үрмелі аспаптар оркестрлері мен ансамбльдері, жастар мен балалар хоры да сап түзеп жүріп өтті.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шеруге Алматының 8 ауданының жастары қатысып отыр. Олардың жалпы саны 5000 адамды құрады.

Республика алаңында қаланың ең батыл, шығармашыл жастары жиналды. Әсерлі әуен, көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше флешмоб. Шараға қатысушылардың түрлі түсті киімдері алаңның ажарын аша түсті.

Республика алаңында жүріп өткен өрендер тек елімізде ғана емес, халықаралық сайыстарда жүлделі орын алған. Олар ән, би, спорт байқауларының үздігі. Қатысушылардың киген біркелкі киім үлгілері мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.

«Өте қобалжыдық әрине. Колледждан 51 адам қатыстық. Бәріміз де жоғары деңгейде жүріп өттік деген ойдамын», - деді ІІ курс студенті Аружан СЕГІЗБАЙ.

«Бүгінгі іс-шараға қатысып отырғандардың бәрі Алматы қаласында 30 мыңнан астам оқушы қосымша білім беру ұйымдарына қатысады. 100 мыңнан астам балалар түрлі үйірмелерге, секцияларға қатысады. Бүгінгі шеруге келген 5 мың бала осы жарыстардың, байқаулардың жеңімпаздары, арасында халықаралық байқаулардың жеңімпаздары бар. Республикалық байқаулардың жеңімпаздары бар. Осындай мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар балалар алаңға жиналып отыр», - деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.

Ауқымды шерудің басты мақсаты - жастардың патриоттық сезімін, отансүйгіштік қасиетін арттыру. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыруға қаланың батыл, шығармашыл жастары ат салысты.

«Балаларымыз біздің болашақ болғандықтан, әрбір осындай жақсылықтардың бәрі біз үшін қуантады. Бұндай шерулердің болғаны жақсы. Әрине балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін осындай шерулерді көрсет,у осындай Қазақстанның болашақ патриот азаматы ретінде оларды сезіндіру біздің парызымыз», - деді қала тұрғыны Зәмзәгүл БАЙЖҰБАНОВА.

Шеру соңында қатысушылар көпшілік назарына суретті ұсынды. Мұнда қол ұстасқан балалар бейнеленген. Қазақстан - бұл ашық аспан мен бейбіт күннің белгісі. Бұл парад елміздегі ерекше оқиғалардың  бірі болып тарихта қалмақ. Қазақстанда тұңғыш рет өткен шеруге 75 мыңнан астам бала қатысты.


Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров