|
26.05.2017 | 12:45
2387

Жалпықалалық бос жұмыс орны жәрмеңкесіне 15 мыңнан астам алматылық келді

Жалпықалалық бос жұмыс орны жәрмеңкесіне 15 мыңнан астам алматылық келді

«Сәтті қадам» жалпықалалық бос жұмыс орны жәрмеңкесіне 15 мыңнан астам алматылық келді. Қала әкімдігі ұйымдастырған шарада жұмыс берушілер 5 мың вакансия ұсынды. Биыл Алматыда жастар жылы жарияланғандықтан, 4 жылдық жол картасы әзірленді. Жобадағы бағыттардың ішінде жұмыссыз жастарды қызметпен қамту мәселесі де бар. Сондай-ақ қала базарларында жұмыспен қамтудың 54 жедел пункттері ашылмақ.

Алматыдағы жалпықалалық бос жұмыс орны жәрмеңкесі ең ірі шара болды. Жоғарғы оқу орны түлектері мен колледж студенттеріне ұйымдастырылған жәрмеңкеде 100-ден аса жұмыс беруші 5 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Бүгінде колледж және университетте оқитын студенттер саны 200 мыңнан асып жығылады. Жәрмеңкеге жұмыс іздеген  15 мың жас азамат келді.

«Биыл Алматыда 30 мыңға жуық жас маман жаңа өмірге қадам басқалы тұр. Жас келсе, іске дейді дана халқымыз, бойда күш-жігері тасыған саналы да білімді жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, осындай жауапты сәтте қолдау көрсету әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Үлкендік парызымыз болмақ», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Биыл оқуды бітіретін 30 мың студенттің бірі - Ботагөз Қуанышева. Оның мамандығы химик-технолог. Бойжеткен жәрмеңкенің жастар үшін пайдасы мол екендігін айтады. Себебі жұмыс берушімен тікелей сұхбаттасып, қызмет табуыңа оңтайлы мүмкіндік бар.  

«Жәрмеңкеден өзімнің мамандығым бойынша жұмыс табамын деген үміттемін. Бір-екі жерлерге өзімнің түйіндемемді тастап кеттім. Жұмыс табамын деген ойдамын», - деді студент Ботагөз ҚУАНЫШЕВА.

Мамандықтар қатарында оқытушы, дәрігер және мейрамхана қызметкерлері үлкен сұранысқа ие. Жалпы қалада мемлекеттік қызмет саласында 400 орын бос тұр. Олардың барлығы жәрмеңкеде өз вакансиялары бойынша ақпараттандырып, толыққанды мәлімет берді.

«Қазір мемлекеттік қызметке орналасамын дегендер үшін талап оңтайландырылған. Бұл тұрғыда біліктілік талаптары бар. Ең бастысы жоғары білімі болуы керек. Мамандығына сай білім талап етіледі. Еліміздің заңын білуіне қарай тестілеуден өтуі тиіс», - деді Мемлекеттік қызмет істері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Шынар ӘЛІМХАН.

Бос жұмыс орны жәрмеңкесі аясында тренинг алаңдары құрылды. Мұнда жастарға шешендік өнер, түйіндемені дұрыс толтыру ерекшеліктері мен өз бизнесін жүргіземін деушілер үшін мәлімет берілді. Атап өтерлігі, келемін деушілер үшін барлығы тегін жүзеге асырылды.

Алматыда жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан да биыл қалада жастар жылы деп жарияланған. Қазіргі таңда 14-тен 35 жасқа дейінгі жастар саны 700 мыңнан асып жығылады. Олардың күрмеулі мәселелерін шешу мақсатында әкімдік арнайы жол картасын әзірледі. Бір айдан аса уақыт қаралған құжатты мәслихат мақұлдады.

«Бұл құжаттың басты мақсаты - жастардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді шешу болып табылады. Олардың қатарында сапалы білім, жастардың жұмыссыздығы, жастарға қол жетімді тұрғын үйлердің жетіспеушілігі, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру секілді бірқатар мәселелер бар. Осы игі іс-шаралардың бастамасы ретінде сәтті қадам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп отыр», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Жол картасы аясында  Қазақстанның «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкімен» бірге жастардың үй сатып алулары үшін жеңілдетілген несие берудің мүмкіндіктері қарастырылуда. Жас отбасыларға арнап жатақхана салу үшін 3,7 млрд теңге  бөлінді. Одан өзге, 320 отбасы немесе 16000 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал, осы жылы 2,5 мың  мектеп түлегінің колледждерде тегін білім аулары үшін 495,8 млн теңге бөлінген, атап өтерлік жайт, олар 16 759 теңге стипендия алады және бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бұрынғы трамвай депосының ауласында Лофт-орталық ашылмақ. Мұнда жастарға қызмет  көрсету аймағы, мемлекеттік  тілді оқыту орталығы, 10 білім секциясы жұмыс істейтін болады.


Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир