Қазақ жұрты «Төлегенімен» қимай қоштасты

Қазақ жұрты «Төлегенімен» қимай қоштасты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ жұрты «Төлегенімен» қимай  қоштасты.  Өнер әлемінде 50 жылдан аса еңбек етіп, киномен қатар театр сахнасында сан түрлі образдарды сомдаған халық әртісі 72 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қазақ киносының Төлегені атанған белгілі актермен қоштасуға келген халық театрға симай қалды. Ал  «Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің бақталасы рөлін ойнап, ал өмірде шын серігіне айналған Әсанәлі Әшімовтың досын ақтық сапарға шығарып саларда күңіре оқыған жоқтауы дүйім жұртты жылатты.

Қазақ киносының классикалық туындысына айналған «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегенннің рөлін ойнаған  Құман  ол кезде 25 жастағы жалындаған сымбатты жігіт еді деп еске алады естелік жазбалар. Алғашқы рөлінен соң ақ  «Төлеген» атанған Құман аға іле «Біздің Ғани» атты  фильмге де қосағы Меруертпен бірге түсіпті. Өзіне берілген рөлді бойына сіңіріп, кейіпкерінің кейпіне көшетін, оның өмірін кешетін интуициясы мықты актер еді, дейді замандастары.

«Аяулы жан ұмыт болмайды. Құманды зерттеу процесі енді басталады. Бұның күлкісі, қалжыңы, кеңдігі бәрі адамға үлкен бір сабақ», - деді   М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі  Есмұхан ОБАЕВ.  

Әдетте кинодағы  қиын трюктерді каскадерлер ойнаса, Құман Тастанбековтың  шауып келе жатып, екінші атқа қарғып міне беретін ерлігі де болған. Оркестермен ән айтып, құйқылжыта баян тартатын таланты бір төбе. Әнді ғана емес, әңгімені де  әсерлі айтатын әртіс өмірінің 50 жылға жуығын әкемтеарда өткізді.

«Қазақ үшін қаралы күн. Жалпы өнері ешқашан өлмейді, шәкірттері, қыздары аман сау болсын. Ағамызды қолдап кеше ғана бәріміз қуанған едік. Елбасының жарлығымен «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Шынында да халық жақсы көрген, бағалаған. Алматы халқының атынан сіздерге көңіл айтамын», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың мектебінен өткен Құман өзіне берген рөлдерді шырқау шегіне жеткізе сомдады.  «Еңлік-Кебектегі» - Кебек, «Қара-гөз¬дегі» - Нарша, «Қан мен тердегі» - Тәңір¬берген, «Ана-Жер-анадағы» - Қа-сым секілді кейіпкерлердің тағдырын, күйініші мен сүйінішін де сезе отырып орындайтын.  Талай сынннан сүрінбей өткен сырбаз, бекзат әртістің  өмірдегі ағасы, әрі әріптесі Асанәлі Әшімовтың үзеңгілес інісін теңселе тұрып, ақтық сапарға шығарып салуы дүйім жұртты жылатты.

«Қамықсаң қара нөсер төгілердей, Жабықсаң жаның егілердей, Бұл өлім сілкіп алды-ау бар қазақтың жүрегін. Жұрты қалды-ау қаралы ту құшақтап, жұбата алмай жылап жатқан мына елін, жары қалды-ау  қара жауып басына, жүрегіне жақын ұстап ақ боз аттың жүгенін...», - деді КСРО халық әртісі  Асанәлі ӘШІМОВ.

Актердың «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Провинциялық хикая», «Ағам менің», «Көшпенділер», «Махамбет» сынды оннан астам  фильмдерге түскен образы алтын қорға айналмақ. Құман көңілі құлазыған сәтте сапарлағанды, туған жері Талдықорғанның Сарқантына  жиі баруды жақсы көрген. Бұл жолы Маңғыстаудағы әулиелерге зиярат жасап жүргенде жерінде  мәңгілік сапарға аттанып кете барыпты.


Новости партнеров